Түрме бастығы Жыланбаевқа «тағдырға көнуді» ұсынған, бірақ ол тағы аштық жарияламақ – адвокат

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

7 жылға сотталған атақты марафоншы Марат Жыланбаевқа радикалды шараларға баруға дайын екенін жеткізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Адвокат Мейіржан Досқараевтың айтуынша, Марат Жыланбаевқа қысым түрлі тәсілдермен көрсетіліп жатыр. Мысалы, оған түзеу мекемесінің әкімшілігі өзі пайдалануға рұқсат берген құралдарды (токарлық және сурет салуға арналған) тартып алуға тырысқан. Басқа жағдайда тінту жүргізіліп, адвокаттың сөзінше, қызметкерлер құжаттарды, ыдыс-аяқты, сүлгіні, күнтізбені, дәрі-дәрмекті, сағатты және төсек жабдығын алып кеткен. Соның салдарынан Жыланбаев жалаңаш еденде ұйықтауға мәжбүр екенін мәлімдеді.

Осыдан кейін Марат Жыланбаевты колония бастығы өзіне шақырған. Адвокаттың айтуынша, тұтқынға «тағдырға мойынсұнуды» табанды түрде ұсынған.

Жыланбаев бұған жауап ретінде күресін тоқтатпайтынын және өз құқықтарын қорғай беретінін жеткізген. Егер қысым жалғаса берсе, ол радикалды шараларға баруға дайын екенін мәлімдеді.

Марат ешкімнен қорықпайтынын, онымен бұлай қатынас жасамау керектігін айтты. Егер қысым жалғаса берсе, ол мерзімсіз аштық жариялайды. Ал егер ешқандай оң өзгеріс болмаса, аяғының саусағын кесуге мәжбүр болады. Бірақ мекеме әкімшілігі оны ең қатал жағдайда ұстау саясатын жалғастырып жатыр, — деді Мейіржан Досқараев.

Бұдан бөлек, Досқараев Жыланбаевқа шағым беру аппараты жабылғанын атап өтеді. Сотталушы ешқандай хат-хабарды жібере де, ала да алмай отыр.

Аталған өрескел қысым жағдайлары Жыланбаевтың туыстарын Адам құқықтары комитетіне жүгінуге мәжбүр еткен.

ЖЫЛАНБАЕВ ЖАЙЛЫ

Марат Жыланбаев – мемлекетке сын айтудан тайынбайтын қазақстандық марафоншы. Ол — дүниежүзіндегі ең ірі шөлдерді жекелей жүгіріп өткен жалғыз адам. 2022 жылы «Ар-Бедел» қоғамдық қоры Жыланбаевты Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысын қорғау бойынша сотқа берген.

2023 жылдың қарашасында Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жыланбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 258-бабы 2-бөлігі және 405-бабы 2-бөлігі («Сот тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландыру және оның қызметіне қатысу») бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған 3 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қалалық соты Жыланбаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырды. 24 қаңтарда ол үкім жойылғанға дейін белгісіз мерзімге аштық жариялаған. Алайда 12 ақпанда денсаулығына байланысты аштықты тоқтатуға мәжбүр болды.

Марат Жыланбаев бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оны босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.