Ресей "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы техникаларды сата бастады

Сымбат Сатыбалдина
фото: drive2.ru

"Байқоңыр" ғарыш айлағындағы жабдықтар сатылымға шығарылды. Нысандар мемлекеттік мүлік аукционы арқылы сатылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Саудаға "Байқоңыр" ғарыш айлағының алаңдарындағы технологиялық жабдықтар қойылған. Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорны "Бәйтерек" ұсынған лот мемлекеттік мүлік аукционының сайтында жарияланған.

САТУДЫҢ СЕБЕБІ

Жабдықтардың сатылуы "Бәйтерек" қазақстандық ғарыштық-зымыран кешенін құру жобасы аясында биыл жылдың соңында жоспарланған алғашқы сынақ ұшыруына дайындық шеңберінде жүргізіліп жатқан жаңғыртуларға байланысты екені нақтыланды.

— Бұл жабдықтарды сату қолда бар өндірістік алаңдарды оңтайландыру және жаңа технологиялық жүйелерді орналастыруға дайындау шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл жүйелердің жеткізілуі қазірдің өзінде басталды, — делінген "Бәйтерек" компаниясының хабарламасында.

БҰҒАН ДЕЙІН

"Бәйтерек" зымыран кешенін іске қосу жобасын Қазақстан мен Ресей 2004 жылдан бері талқылап келеді. Сол кезде тараптар Байқоңыр ғарыш айлағының базасында жаңа кәсіпорын салуды көздейтін келісімге қол қойған болатын.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, зымыран кешені биыл жылдың соңында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

"Бәйтерек" жобасы Қазақстан мен Ресей арасындағы посткеңестік кеңістіктегі ең ауқымды бірлескен жоба саналады.

— Бұл жоба Қазақстан Республикасының ғарыштық мемлекеттер клубына қосылуы жолындағы ірі саяси қадам ғана емес, сонымен қатар "Байқоңыр" ғарыш айлағынан жоғары уытты зымыран отынын (амил, гептил) пайдаланатын зымыран-тасығыштардың ұшырылуынан болатын зиянды әсерді айтарлықтай азайтуға бағытталған, — дейді бірлескен кәсіпорын өкілдері.

ҒАРЫШ АЙЛАҒЫН ҚАЙТАРУ

Бұған дейін Ресей Байқоңырды Қазақстанға мерзімінен бұрын қайтаруы мүмкін екені хабарланған болатын. Telegram-дағы INSIDER-T арнасы «ақпараттан хабардар дереккөздерге» сілтеме жасай отырып, Ресей тарапы Қазақстанмен жасалған Байқоңырды пайдалану туралы келісімді мерзімінен бұрын бұзу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазады.

Басылым дерегінше, ғарыш айлағын Қазақстанға қайтару туралы шешім 2026 мен 2028 жылдар аралығында қабылдануы ықтимал. Бұл бастама жоғары деңгейде мақұлданып, Сыртқы істер министрлігі мен "Роскосмос" сынды негізгі мемлекеттік органдарға жеткізілген көрінеді.