Бәрі қолдады: Қазақстанда фонограммаға толық тыйым салынады

Сымбат Сатыбалдина
pixabay.com

Қазақстанда фонограммаға толық тыйым салынады. Бұл туралы депутат Нартай Аралбайұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутаттың сөзінше, бүгін мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының отырысы өткен.

- Жұмыс тобында біздің, яки депутаттардың “Қазақстанда фонограммаға толықтай тыйым салу” турала нормасы бір ауыздан қолдау тапты! Халық жанды дауысты шын өнерді көруге, тыңдауға құқылы! Ағайынды алдауға болмайды!”, дейді депутат. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін мәдениет вице-министрі Айбек Сыдықов елде фонограммаға тыйым салуға қатысты ойын айтып, бұл мәселеге қатысты бірнеше жұмыс тобы өткенін, қызу талқылау жүргенін жеткізген еді. 

Сонымен қатар, вице-министр фонограмма туралы алдын ала ескертуге қатысты ойын айтты.

- Фонограмманы алдын ала ескерту туралы заң бар. Бірақ бұл жұмыс істемей отыр. Оны бәріміз тәжірибеде көріп отырмыз. Бұл норманы депутаттар заңнамалық акт ретінде ұсынды. Біз оны қолдаймыз. Егер ол заңға енгізілетін болса, ол жұмыс істейді деген сенімдеміз, дейді Сыдықов.