Режиссер Ермек Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кетіп қалды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТҰРСЫНОВ ЕЛДЕН НЕГЕ КЕТТІ
Режиссер “Бір эмиграцияның тарихы” атты желіде ұзақ жазба қалдырды. “Неге?” деген сұраққа ұзақ толғап ой қалдырды.
Жағдай былай: елден кетуге тура келді. Алысқа. Біреулер мұны ауыр қабылдайтын болар, енді біреулер қуанар, тағы басқалар сынап-мінейтін шығар. Әркімнің пікірі әрқилы. Ал маған келсек... Бәрі, әрине, көңілсіз жағдай. Бірақ басқа амалым да жоқ еді. Шындығын айтсам, мені елден жай ғана ығыстырып шығарды, – дейді ол.
Бұл қадамға бару себебін режиссер рет-ретімен жазған. Әңгімесін министр болып Ақтоты Райымқұлова келген сәттен бастаған.
Бәрі Раимқұлова атты мәдениет министрінен басталды. Бұрыннан-ақ елімізде мәдениетке немқұрайлы қарайтынын айтып келем. Бірақ Раимқұлованың министр болуы – шектен шыққан жағдай еді. Оның мәдениетке қатысы – менің мал шаруашылығына қатыстылығыммен бірдей. (Айтуларынша, қазір де жоғары лауазымда отыр. Бірақ бізде мұндай жағдай үйреншікті: кездейсоқ, бірақ ыңғайлы адамдар билікке қажет. Бір күні Ақтоты қажетті орында тұрды, сөйтіп оны министр етіп тағайындады, – дейді ол.
Ермек Тұрсыновтың Мәдениет министрлігімен текетіресі бұрыннан жалғасып келеді. 2020 жылы Тұрсынов сарапшылық кеңестен кеткен кезде министрлік режиссерге қарата “жазбаша өтініш қалдырып кетсеңіз бірсәрі, солай етсеңіз алаулатып-жалаулатып қалай жазсаңыз да болар еді” деп жауап берген. Ал 2020 жылы Ақтоты Райымқұлова “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында "қатаң қағидалар енгізілді, соларды орындаудан қашатындар, осыған дейін мемлекет қаржысына оңды-солды кино түсіріп үйренгендер жаңа заңдағы талаптарды қабылдай алмай жатыр” деген еді.
Ермек Тұрсынов не үшін елден кеткенін ұзын-сонар жазбада толығырақ баян етеді. Сөз соңында былай дейді:
Мемлекет біртін-біртін әрі тоқтаусыз құрдымға кетіп барады. Мен бұған қатысқым келмейді. Бұған жайдан-жай қарап та отыра алмаймын. Әлбетте, бәрі жақсы деп, түк болмағандай бұрынғыша өмір сүруге болар еді. Бірақ елде бәрі есінен танған жоқ әлі. Абсурд біздің елде нормаға айналып барады. Бұлай жалғаса берсе болмайды. Бірдеңе істеу керек…
РЕЖИССЕР ЖАЙЛЫ
Ермек Тұрсынов – режиссер, сценарист, жазушы. 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол Мәскеудегі бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын (ВГИК) аяқтап, кинематография саласында танылған. Оның ең танымал туындылары:
«Келін» (2009) – Қазақстанның «Оскар» сыйлығына ұсынылған фильм.
«Шал» (2012) – аға буын мен жас ұрпақтың арасындағы философиялық қарым-қатынасты көрсететін туынды.
«Жат» (2015) – кеңестік қуғын-сүргіннің қазақ халқына әсерін суреттейтін драма.
Ермек Тұрсынов қазақ мәдениеті мен тарихына терең бойлап, қоғамдағы өткір мәселелерді кино тілінде бейнелейді. Оның шығармалары әлеуметтік, философиялық мазмұнымен ерекшеленеді. Қоғамдағы мәселелерді ашық айтатын өткірлігімен де белгілі.
Ермек Тұрсынов бұған дейін Ulysmedia.kz порталына сұхбат берген болатын.