"Қазақтардың ғана қолынан келеді". Олжас Сүлейменов ерекше құбылыс туралы айтты

Сымбат Сатыбалдина
фото: culture.ru

Мыңдаған жылдардан кейін қазақ тілі алғаш рет ғылым тілі ретінде жаңғырып отыр. Халық жазушысы Олжас Сүлейменов Осирис заңы – белсенді егіншілік формуласын ашқаны туралы айтты. Бұл формула алғаш рет Ежелгі Мысырда айтылған. Ал қазақ тілі сол көне білімнің мұрагері саналады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Биыл Олжас Сүлейменов БҰҰ-ның ЮНЕСКО ұйымы аясындағы мәдениеттер үндестігі халықаралық орталығын басқарғанына 10 жыл болды. Оның айтуынша, БҰҰ бас ассамблеясымен бірлесе отырып «Мәдениеттер үндестігі онжылдығы» атты арнайы бағдарлама қабылданған.

– Біз үшін мәдениеттер үндестігі – жай ғана концерттер мен би ансамбльдерінің алмасуы емес. Бағдарламаның мақсаты – адамды адам ететін білімді жаңғырту. Әр этностың ұлтқа айналуына ықпал ететін осы білім ұрпақтан ұрпаққа ғылыми еңбектер, конференциялар мен оқулықтар арқылы берілуі тиіс, – деді Сүлейменов.

Осы онжылдық аясында түрлі елдерде ауқымды жұмыс жүргізіліп, Қазақстанда ЮНЕСКО қамқорлығындағы бірегей халықаралық орталық құрылды. Бұл – әлемдегі жалғыз орталық, ол мәдениеттердің бастауын, өзара байланысын, алғашқы сөздердің пайда болуын зерттейтін жеке бағдарлама бойынша жұмыс істейді.

Содан бері жүздеген мақала мен баяндама, ондаған ғылыми журнал мен монография жарық көрді. «Бірақ енді ғана біз ең басты жаңалықтарға жақындадық», – дейді ақын.

ОСИРИС ЗАҢЫ

Олжас Сүлейменов айтып отырған жаңалық – қазақ тарихымен байланысты күтпеген жаңалықтар. Ғалым Осирис заңы деп атаған бұл формула – белсенді егіншіліктің негізі. Ол алғаш рет Ежелгі Мысырда қолданылған. Сүлейменовтің пайымынша, осы білімнің жалғастырушысы – қазақ тілі.

Көне заманда түркі халықтарының ішінен екі топ ерекше көзге түскен: бірі – тастағы жазбалары бүгінге жеткен оғыздар, екіншісі – мәдениетінің жазба ескерткіштері енді ғана ашылып жатқан көне қазақтар. Ол ескерткіштердің ішінде Осиристің бейнелері бар.

– Бізге жеткен көне суреттерде өсімдіктер құдайы Осирис шалқасынан жатқан күйде бейнеленген, оның денесінен тік және ұзын өскіндер өсіп шыққан. Бұл – заңның әрекеттегі көрінісі. Салттық мақсатта Осирис бейнесіндегі қуыс ағаш қораптар қолданылған: ішіне топырақ пен тұқым салынған, ал қақпағында арнайы тесік жасалып, соның ішінен көк шөптер өніп шыққан. Оның храмдарының айналасына жыл күнтізбесіне сәйкес 360 немесе 365 ағаш егілген, – дейді Сүлейменов.

Қазір бұл заңды ежелгі мысырлықтар айтқандай етіп тек қазақтар ғана оқи алады:

ÖS’ – ӨС – «өсу» (етістік)

ÖSÍR – ӨСІР – «өсір» (етістік)

ÖSIRÍS – ӨСІРІС – «өсіру» (зат есім)

– Осыдан бес мың жыл бұрын жасалған мағыналық үйлесім мен грамматикалық дәлдікті сақтап қалған әлемде басқа тіл жоқ. Осирис формуласын дәл осындай грамматикалық дамуымен көрсететін қазақ тілінен басқа тіл табылмады. Бұл – ғажайып құбылыс. Егер осыны терең зерттесе, лингвистер қазақ тілінің ғылым тіліне айналғанына куә болады! – деп қуана мәлімдеді Олжас Сүлейменов.

Оның айтуынша, жер бетінде бар тілдердің ішінде Осирис заңы осыншалық анық сақталған бір ғана тіл бар. Бұл – адамзатқа мәдениеттің қалай басталғанын танытуға қабілетті тіл.

18 мамырда ақын, Қазақстанның халық жазушысы, лингвист-зерттеуші, түркітанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 89 жасқа толды.