Экс-вице-министр Қожағапановқа сот үкімі шықты

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

 Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҮКІМ

Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министрі Ерлан Қожағапановты қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп танып, оны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

КӨККӨЗОВАҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛЫП ОТЫР?

Бұл іске қатысты тағы бір адам Ләззат Көккөзоваға 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру кезінде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр.

Сот үкімі бойынша Көккөзова бес жылға бас бостандығынан айырылды. 

ҚОЖАҒАПАНОВТЫҢ СОТЫ

Еске салайық, биыл 7 сәуір күнгі отырыс бірқатар адвокаттық өтініштермен және Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға кеткен шығындарға қатысты дау-дамаймен өткен еді. Мұның алдындағы сот отырыстарында Қожағапанов Антикорға шүйлікті. Ол агенттік басшылығындағы адамдардың бірі басқа бап бойынша айыптап жатқанын, ол бойынша 12 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін айтып, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқанын айтты.  Сонымен қатар, Ерлан Қожағапановқа қатысты сот отырысында тағы бір айыпталушы - Ляззат Көккөзова мәлімдеме жасады.

ҚОЖАҒАПАНОВ НЕ ҮШІН ҰСТАЛДЫ

Қожағапов былтыр наурызда ұсталғанын антикор хабарлаған еді. Ресми ақпарат бойынша, ол коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет ете отырып, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған. “Бұл ретте форумды өткізу үшін смета екі есе өсті, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеліп соқты” деген сол тұста антикор.