Кеше Астанаға Ресей армиясының құрамында Украинадағы соғысқа жіберілген қазақстандықтардың аналары мен туыстары келді. Майданға жіберілген жігіттердің жасы шамамен 20-да. Туыстарының айтуынша, олар жұмысқа орналасу үшін Ресейге барған. Алайда оларды алдап, келісімшартқа қол қойғызған. Елорданың қақ ортасында, Сыртқы істер министрлігі ғимаратының алдында тұрған аналар көз жасына ерік беріп, биліктен көмек сұрады.
Кеше Астанаға Ресей армиясының құрамында Украинадағы соғысқа жіберілген қазақстандықтардың аналары мен туыстары келді. Майданға жіберілген жігіттердің жасы шамамен 20-да. Туыстарының айтуынша, олар жұмысқа орналасу үшін Ресейге барған. Алайда оларды алдап, келісімшартқа қол қойғызған. Елорданың қақ ортасында, Сыртқы істер министрлігі ғимаратының алдында тұрған аналар көз жасына ерік беріп, биліктен көмек сұрады.
«ЖҮРЕГІМ АУЫРАДЫ. СІМ ҚАЛАЙША АЛАҢСЫЗ ОТЫР?»
Қазір өз еркінен тыс соғысқа аттануға мәжбүр болған кемінде 21 қазақстандық туралы ақпарат бар. Олардың туыстарының мүддесін заңгер Мейірман Шәкеев қорғайды. Оның айтуынша, жігіттердің басым бөлігі Луганскіге жіберілген, кемінде екеуі қазірдің өзінде ұрыс қимылдарына қатысып жатыр.
Шәкеевтің айтуынша, 2 қазанда ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл мәселе бойынша Ресей тарапымен келіссөз жүргізген. Алайда содан бері олардың туыстары ешқандай дерек ала алмаған.
Заңгердің айтуынша, Қазақстан азаматтарының отбасылары бес күннен бері ұлдары мен бауырларының бұдан арғы тағдыры не болатынын білмей отыр.
– Жігіттермен өзім тікелей байланыстамын. Екеуінің кейде байланысқа шығуға мүмкіндігі болады. Екеуі қазірдің өзінде майданда жүр. Оларға ешкім қоңырау шалып, жағдайларының қалай екенін сұраған жоқ. Олар әр қоңырау шалған сайын жүрегім ауырады. Не жауап берерімді білмеймін. Соғыста жүрген олар: «Аға, бізді алып кетіңіздерші» деп жалынады. СІМ қалайша алаңсыз отырғанын түсінбеймін. Олар, дипломаттар, сол жерге баруы керек. Бұл – біздің азаматтарымыз. Қазақстан өз азаматтарының құқығын шетелде де қорғауға міндетті. Бұл Конституцияда жазылған, – деді ол.
Заңгердің айтуынша, Украинада күштеп немесе алдап соғысқа жіберілген қазақстандықтардың саны бұдан да көп болуы мүмкін.
– Бізге Instagram арқылы көп адам жазады, түрлі мекенжайлар бойынша хабарласады. Біз үлгермей жатырмыз. Қазірдің өзінде тізімімізде 21 адам бар, ал келіп жатқан өтініштердің тоқтар түрі жоқ. Қазір осы 21 адаммен ғана жұмыс істеп жатырмыз, – деп нақтылады Шәкеев.
«TIKTOK АРҚЫЛЫ ЖҰМЫС ТАПҚАН. ҚАЗІР ТІРІ НЕ ӨЛІ ЕКЕНІН БІЛМЕЙМІЗ»
Ulysmedia тілшісі Айнабек Келдібектің әпкесі Сымбат Келдібекпен сөйлесті. Оның айтуынша, ағасы тамыз айының соңында Ресейге барған. Ол Қазақстанның басқа азаматтарымен бірге «Барыс» агенттігі арқылы күзетші болып жұмысқа орналаспақ болған. Жігіттерге 3 млн теңге көлемінде ақша төленетіні айтылған.
– Бауырым орыс тілін түсінбейді, сөйлей де алмайды. Ол Ресейге тек күзетші болып жұмыс істеу үшін барған. Оған күзетші болып жұмыс істейтіні түсіндірілген. Балабақшалар мен мектептерді күзететіндерін, жұмыстың тыныш болатынын айтқан. Осындай жағдайда оларды құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген. Сондай-ақ 3 млн теңге төлейтіндерін айтқан. Әдейі нақтылап жатырмын: сөз нақты 3 млн теңге туралы болған. Олар мұны солай түсінген. Оларға сырт киім берілгенін де айтқан. Себебі ол жақта күн суық болады, бұл киім бір жылға жетеді, ал жалақы бөлек төленеді деп түсіндірген, – деді ол.
20 жастағы Арап Қуаныштың әпкесі Айымгүл Сұлтабаева оның Ресейден жұмысты TikTok арқылы тапқанын айтты. Ол былтыр сәуірде ақша табу үшін Ресейге кеткен, кейін байланысқа шығуын тоқтатқан.
– Алдымен оны құрылысқа алып барған, кейін шошқа фермасына апарған. Ол жерде бірнеше ай жұмыс істеген, бірақ жалақысын сол күйі ала алмаған. Содан кейін бір апта құрылыс алаңында жұмыс істеген. Сол құрылыс алаңынан оны соғысқа алып кеткен. Содан бері бір жыл бір ай өтті. Біз оны таба алмай жүрміз, қайда екенін де білмейміз. Тірі ме, өлі ме, оны да білмейміз, – деді әйел.
«БҰЛ СОҒЫСТЫ ҚАРҒЫС АТСЫН»
25 жастағы Мирас Ташарғановтың анасы Гүлжан Ташарғанова көз жасын ұстай алмады. Өксігін баса алмаған ана баласын үйіне, Отанына қайтаруға көмектесуді биліктен жалына сұрады.
Оның қасіретін өз басынан да өткеріп жатқан Сымбат Келдібек жұбатуға тырысты.
– Барша әулиенің атымен сұраймын, жалбарынамын: балаларымызды ол жерден алып шығыңыздар. Ол жерде не болып жатқанын өздеріңіз білмейсіздер ғой. Күн сайын адам өліп жатыр. Бұл соғысты қарғыс атсын. Біз үшін әр минуттың өзі қымбат. Сонда да қасымыздан үнсіз өтіп кетесіздер ме? Олар ештеңеге кінәлі емес. Егер олар қаза тапса, не істейтінімді білмеймін... Баламмен бірге өлу үшін сонда барғаным жақсы. Мен оны бөтен ел үшін дүниеге әкелген жоқпын. Тіпті қылмыс жасағандарды түрмеге қамайды, ал біздің балаларымызды қорғай алмай отыр, – дейді Ташарғанова.
МӘСЕЛЕ ПРЕЗИДЕНТ ДЕҢГЕЙІНДЕ ШЕШІЛЕ МЕ?
Украинаға жіберілген қазақстандықтардың отбасыларымен және заңгермен ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов кездесті. Кездесу жабық форматта, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз өтті. Оның қорытындысы туралы журналистерге Мейірман Шәкеев айтып берді.
Оның айтуынша, министрлік жағдай туралы ақпаратты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізеді.
– Бастапқыда мен президентке де, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына да өтініш жазғанмын. Енді олар менің өтінішіме өз ұсыныстарын қосып, оны да президентке жолдайды. Яғни енді бұл мәселе мемлекет басшысының назарына жеткізіледі, – деді Шәкеев.
Ол әзірге қазақстандықтардың нақты қашан қайтарылатынын ешкім айта алмайтынын атап өтті. Өйткені мәселе басқа мемлекеттің аумағына қатысты.
– Мұны олар нақты айта алмайды, себебі бұл – басқа елдің шекарасы. Ол жерде олар біреуге басшылық жасап, нұсқау бере алмайды. Бірақ бұл мәселе президентке дейін жетсе, меніңше, оны оңай шешуге болады. Өйткені президенттің бір телефон қоңырауымен-ақ бұл мәселені шешуге мүмкіндігі бар, – деді Шәкеев.
Сондай-ақ заңгер бұл мәселе бойынша ведомствоаралық комиссия құру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, комиссия құрамына Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Президент әкімшілігінің өкілдері кіруі керек.