Маңғыстау облысында отбасымен бірге уланып, екі аптадан астам уақыт жансақтау бөлімінде жатқан тоғыз жасар Бекарыс Қанатпаев қайтыс болды. Бала ауыр ботулизм белгілерімен өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Бекарыс 6 қазанда жансақтау бөлімінде көз жұмған. Туыстарының айтуынша, бала ауруханаға балықтан уланғаннан кейін түскен. Алайда өлімнің нақты себебі туралы ресми қорытынды әзірге жоқ.
Ulysmedia.kz Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасына түсініктеме алу үшін жүгінген. Алайда басқарма ақпаратты жариялаудан бас тартты.
– Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес, баланың денсаулық жағдайы, диагнозы мен емделуі туралы ақпарат дәрігерлік құпия болып саналады. Заңды өкілінің келісімінсіз мұндай ақпаратты БАҚ-қа беруге болмайды, – деп жауап берді басқарма.
Баланың әкесі де зардап шеккендердің қатарында болған. Туыстарының айтуынша, қазір оның жағдайы тұрақталған. Отбасының тағы екі ересек мүшесі облыстық көпбейінді ауруханада ем қабылдап жатыр.