Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты экс-вице-министр Ерлан Қожағапановқа шыққан үкімді түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдау жолымен аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Ләззат Көккөзоваға қатысты (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) және лауазымдық өкілеттіктігін теріс пайдалану фактісі бойынша бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа қатысты үкім шығарды (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы).
СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ
Ерлан Қожағапанов мәдениет вице-министрі бола отырып, индустрия және туризм комитетіне жетекшілік етіп, 2018 жылы СҚО-да форум өткізу үшін ведомстволық көрсеткіштер мен мансаптық өсуді арттыру түрінде өзіне пайда мен артықшылықтар алу мақсатында, «SK» ЖШС мердігері Ләззат Көккөзованың мүдделерін лоббилеу жолымен комитетке шарттар жасасуды, орындалған жұмыстардың актілеріне қол қоюды тапсырған, бұл мемлекетке келтірілген залал түрінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған.
Өз кезегінде, Ләззат Көккөзова «SK» ЖШС директоры бола отырып, форумға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау мақсатында 2,9 млрд теңгеден астам шығыстар сметасын жасанды түрде көтеріп, коммерциялық ұсыныс білдіріп, оның ішінде 1 млрд теңгеден астамын алдау арқылы ұрлап, мемлекетке аса ірі мөлшерде зиян келтірген. Айыпталушылардың кінәсі мамандардың қорытындыларымен және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.
ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, ақтауды сұрады.
ЖАЗА
ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3)тармағының санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды көздейді.
ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2)тармағының санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
ЖАЗА
Сот сотталушы Ерлан Қожағапановтың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын жеңілдететін жағдай деп таныды. Қабылдаған антты бұзған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы ауырлататын мән-жайлар болып табылады.
Сотталушы Ләззат Көккөзова үшін қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін жағдай зейнеткерлік (61 жас) жасы және алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуы болып табылады.
СОТ ҮКІМІ
Ерлан Қожағапанов ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Сотпен Ерлан Қожағапановөа бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындауға негіз болған жоқ.
Ләззат Көккөзова ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, 7 жыл мерзімге форумдар ұйымдастырумен байланысты коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Комитеттің азаматтық талап қоюы сот белгілеген залал шеңберінде қанағаттандырылды және Ләззат Көккөзовадан өндірілді.
Өндіріп алынған талап қоюдың орындалуын қамтамасыз ету шеңберінде мүлікке салынған тыйым салулар сақталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.