КИМЭП университетінің марқұм түлегі Ақнар Гүлстанның қазасына қатысты тың жайттар белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақнардың анасының айтуынша, сол күні қызы көршілес блоктағы екі құрбысына Қытайдан әкелген іш киімді көрсетуге барған. Анасының нұсқасы бойынша, дәл сол сәтте әлгі екі қыз – қызғаныштан Ақнарға күш көрсетіп, оны азаптай бастаған.
Ақнар өзін өлтірмек болғанын сезіп, бар даусымен көмекке шақырған. Алайда Instagram-дағы aqnar_ushin парақшасында жазылған деректерге сәйкес, айқай естілгенімен, көршілердің ешқайсысы көмекке келмеген.
Оқиға болған жерде үшінші қыз – Дидар есімді бойжеткен де болған. Ол әжетханаға тығылып, есікті ішінен бекітіп алған. Кейінірек Дидардың Ақнардың анасына жолдаған дауыс жазбасы жарияланды. Онда ол Ақнардың қиналып жатқанын естігенін және екінші қыздың оны буындырғанын айтқан.
АҚНӘРДІҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ
2024 жылы 20 шілдеде Алматыда 22 жастағы студент Ақнар Гүлстан көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, көз жұмған. Тергеу бұл оқиғаны бастапқыда “суицид” ретінде тіркеген. Алайда марқұмның туыстары Ақнардың өліміне дейін қатыгездікпен азапталғанын және оны терезеден көршілері лақтырып жібергеніне сенімді.
Ақнардың анасы Хамит Гүлстанның айтуынша, қызының денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталған: тістеген іздер, тырнақ жарақаттары, сынған тырнақтар мен жұлынған шаштар. Ол қызының азапталғанын дәлелдейтін фото және видео материалдар да ұсынған. Марқұмның отбасы істі “адам өлтіру” және “азаптау” баптары бойынша қайта қарауды және барлық кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.