Белсенді Марғұлан Боранбай бостандыққа шықты

Сымбат Сатыбалдина
Фото: Азаттық

Белсенді Марғұлан Боранбай бостандыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи хабарлады. 

- Елдің егемендігіне, қазақтың намысына араша түсем деп, сотты болған Марғұлан бауыр Боранбай төрт жылдан соң түрмеден шығып, ағасына амандасуға келіпті. Өткен күзде Серікжан екеуіміз колонияға, Марғұлан марқасқаға барғанымызда: "УДО"-ға шығуға көмектесейік..." деп едік. "Ешкімнен кешірім сұрайтындай кінам жоқ, отсижу от звонка до звонка" деген-ді сонда қазақтың намысын шовенист-ватниктерден қорғаймын деп, нақақ жаламен абақтыға қамалған мінезді Марғұлан. "Қазақтың нағыз ұлтшыл патриоты кім?" деп, әлдекім сұрай қалса, ойланбастан осы оғыланды атаңыздар! Ешқашан қателеспейсіз, Марғұлан сізді қателестірмейді! Кәміл сенем!, дейді депутат. 

БЕЛСЕНДІ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ 

Белсенді Марғұлан Боранбай 2020 жылдың күзінде қамауға алынып, 2022 жылы Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының үкімімен 5 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабының 2-бөлігі («ұлтаралық араздықты қоздыру») және 179-бабының 2-бөлігі («билікті күшпен басып алуға шақыру») бойынша айыпты деп танылған еді. 

Боранбайдың айыпталуына әлеуметтік желілердегі жазбалары себеп болды. Ол ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты мәлімдемелеріне қарсы пікір білдіріп, Ресейдің Украинаға басып кіруін сынға алған. Сондай-ақ, Ресеймен интеграциялық байланыстардың күшеюіне қарсы шыққан. 

Сот үкіміне қоғамда наразылық туындады. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Боранбай мен оның серіктесі Данат Намазбаевтың әрекеттерін ұлт мүддесін қорғау деп бағалап, олардың ісін қайта қарауды талап еткен еді.