Қазақстанда жекеменшік мектептерді қысқартқалы жатыр

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Бұл туралы үкіметте өткен баспасөз мәслихаты барысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БЕЙСЕМБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Министр жер-жерде ата-аналардан, әкімдіктерден көп шағым түсіп жатқанын айтады.

Жекеменшік мектептердің ашылуына қатысты бейберекет тірліктің болып жатқаны, мектеп орны жеткілікті ауданға мектеп ашу жағдайлары, материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтамай, ақша табу мақсатымен ғана жұмыс істеу факторлары бойынша шағымдар түседі, – дейді ол.

Бейсембаевтің сөзінше, бір кездері жекеменшік мектеп саны 100 болса, қазір 900-ге дейін көбейген. Сол себепті қазір мектептердегі білім сапасына бақылау орнату мәселесі өзекті бола түскен. Ал кейінгі үш жылда жек меншік мектептерді мемлекеттен қолдау көлемі 35 млрд теңгеден 330 млрд теңгеге дейін артқан.

Жекеменшік мектептердің құрылтайшыларымен, қауымдастығымен кездесіп, сапа туралы әңгіме қозғап отырмыз. Мекеме жеке меншік болғанымен, бала жеке меншік емес. Балалардың біліміне, қауіпсіздігіне кез келген мекеме жауапты. Оны қадағалауды өзімізге міндет етіп алып отырмыз. Ол болжамдармен келісем, жеке меншік мектептердің үлесі 5% дейін кемуі мүмкін. Тиісті жабдықтармен жабдықталмаса солай болады. Жоғары аудиторлық палатаның тексеруінде мәлім болды, жертөледе де мектеп ашуға ұмтылған адамдар бар. Ондай мектептер, әрине, жабылады. Жеке меншік мектептер қажеттілік туындаған жерлерде ғана ашылу керек. Ондай мектептерді қолдауға дайынбыз. Қазір жеке меншік мектептермен бірлесіп тексеру жүргізіп, заңсыздықтардың статистикасын анықтаймыз, - деді Бейсембаев. 

ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР

Жаңа оқу жылы басталар алдында былтыр Ulysmedia.kz тілшісі елордадағы жекеменшік мектептерде оқу құны қанша екенін анықтап, жаңа оқу жылында ол мектептерде оқу құны қаншалықты өзгергенін шолып шыққан еді.