Көзіне қалай қарайды - белсенді Мұхаммедкәрім туралы

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Белсенді Абзал Достияр белгілі журналист Думан Мұхамедкәрімнің қамауда отырғанына үш жылға жуық уақыт болса да, оған араша түсіп жатқан журналистердің саны саусақпен санарлық екенін айтты. Оның сөзінше, кезінде бірге қызмет еткен кей әріптестердің үнсіздігі — журналистика алдындағы адалдықтың әлсірегенін көрсетеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Абзал Достияр бұл туралы өзінің Facebook парақшасында жазды. Ол журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігін еске салып:

«Бұқпантайлап өмір сүретін, шындықты айтудан қорқатын, мамандығына адалдық таныта алмаған журналистерден бұл елге не қайыр?» – деп сын айтты.

Белсендінің айтуынша, Думан қамауда отырған үш жылдың ішінде жария түрде араша түскен журналистердің саны үшеуден аспаған.

«Думан қамауда отырған екі 3 жылға жуық уақытта үш журналист ғана жария түрде араша түсті, қараңызшы екі қолдың емес бір қолдың саусақтарына да жетпейді саны. Есболат Айдабосын, Руслан Жылқыбай, Алмат Әбдіраман үшеуі де мемлекет қаржыландыратын телеарналарда қызмет етеді... бірақ басқа әріптестері сияқты үнсіз қалмай, Думан туралы пост жазып, бостандық сұрап, азаматтық танытқан осы жігіттер. Ертең Думан бостандыққа басын тік көтеріп жеңімпаз болып шыққанда басқа әріптестері көзіне қалай қарайды екен?», – дейді ол.

БҰҒАН ДЕЙІН

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Қызылорда облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан белсенді Думан Мұхамедкәріммен кездесіп қайтқанын хабарлаған. Оның айтуынша, Думан Мұхамедкәрім соңғы уақытта салмақ жоғалтқан және денсаулығында қиындықтар байқалады.Ермұрат Бәпи белсендінің қазір карцерде отырғанын мәлімдеді. Мұхамедкәрім мекеменің ортақ киімін киуден бас тартқандықтан, ішкі жазаға тартылған.

Қамаудағы «саяси тұтқындар» Думан Мұхаммедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның адвокаттары мен жақтастары олардың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, баспасөз мәслихатын өткізді. Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов түрмеге парламенттік тексеріс жүргізуді талап етті.