Путиннен «қазақ жерлерін қайтаруды» талап еткен әйелге үкім шықты

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Путиннен «тарихи қазақ жерлерін қайтаруды» талап еткен Жансұлу Дархамбаева сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТ ШЕШІМІ

Дархамбаеваға қатысты «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бабымен іс қаралды. Сот шешімімен ол екі жылға бас бостандығынан айырылды.

ПУТИНГЕ ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙЫП ЕДІ

БАҚ мәліметінше, әйел Ресей президенті Владимир Путинге бағытталған бірнеше видео жариялаған. Атап айтқанда, bloknot.ru порталының жазуынша, Дархамбаева ресейліктерді «қазақ жерлерін қайтаруға немесе өлуге» шақырған. Оның сөзінше, биыл Алтай, Орынбор, Астрахан, Курск, Том, Қорған, Саратов және Новосібір облыстарына қатысты «жүз жылдық жалға беру мерзімі аяқталады».

РЕСЕЙ РЕАКЦИЯСЫ

Бұл іс туралы он шақты ресейлік БАҚ жазды. Олар Дархамбаеваны «танымал русофоб» деп атаған. Сонымен қатар, кей басылымдар оның түрмеге қамалуы «есеп үшін жасалған қадам» деген пікір білдірген.

– Соңғы уақытта Қазақстанда русофобиялық мәлімдемелер жиілеп кеткенін ескерсек, бұл нұсқа сенімді көрінеді. Елде «жаңа тарихпен» жазылған кітаптар мен оқулықтар жарық көруде. Мұндай видеоларды басқа блогерлер де түсіріп жүр. Украина үлгісінде Қазақстанда бір кезде тіл патрульдері де пайда бола бастаған еді, – деп жазады bloknot.ru.