Былтыр желтоқсанда Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі Embraer-190 ұшағы құлаған орында қаза тапқандардың құрметіне мемориал орнатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Мемориал – ұшақ сынықтары табылған орынды белгілейтін металл қоршау түрінде жасалған. Айналасына гүлдер отырғызылып, келушілер үшін орындықтар қойылған. Бұл – қайғы мен естеліктің ерекше атмосферасын қалыптастыратын кеңістік.
- Бұл орын – бүкіл елді есеңгіреткен қайғылы оқиғаның символына айналды. Адамдар өмірдің қаншалықты нәзік екенін еске салатын белгі ретінде оны сақтап қалғысы келді, – делінген жарияланған видеодағы сипаттамада.
Түпқараған ауданы әкімдігінде мемориалдың орнатылғанын растады, бірақ оның жергілікті биліктің бастамасы болмағанын атап өтті.
- Бұл – жергілікті тұрғындардың өз бастамасы. Қайғылы оқиға құрбандарын мәңгі есте қалдыруды олар өздері қалап, барлық жұмыстар мен материалдарды өз қаражаттарымен қамтамасыз етті. Мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген жоқ, – деп мәлімдеді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
БҰҒАН ДЕЙІН
Естеріңізге сала кетсек, былтыр 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) бет алған әзірбайжандық «Az Airlines» әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы құлап, бірнеше адам қаза тапқан.
Күні кеше жарты жылдан кейін тергеу жайлы тың деректер шыққанын хабарлаған едік.