«Опық жеп отырмын»: Қаржаубайдың адвокат әріптесін іске тартқанына өкінетінін айтты

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Шерзат Полат сотында жәбірленушілердің құқығын қорғайтын адвокат Мейірман Шекеев әріптесі Бағдат Амандосұлының істен неге шеттетілгенін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ

Мейірман Шекеев сотта жәбірленушілердің құқығын Бағдат Амандосұлымен бірге қорғаған. Бірақ кейін ол адвокат істен шеттетілген.

“Астарлы ақиқаттың” заңгері тікелей мағынада айтқан жоқ, астарлап сөйледі. Ол біріншіден, істің мүддесіне қайшы әрекеттер жасады. Бірнеше рет ескерту (Бағдат Амандосұлына) жасалған. Жұмысқа жауапкершілігін шыны керек көрсете алмады. Біз сот процесіне барған кезде ол қалада концертте жүрді. Тапсырылған жұмыстарды атқармады. Мұның бәрінің дәлелі бар, – дейді Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол сонымен қатар  Бағдат Амандосұлымен емес, Қаржаубай Нұрымов тек өзімен келісімшартқа отырғанын айтты. Яғни, іске Мейірман Шекеев  Бағдат Амандосұлын өзі тартқан. 

Қазір содан опық жеп отырмын. Сол кезде Бағдат Амандосұлының өзі мәтінді құрастырып өзі қол қойған. Бұл келісімшарт бойынша сот талқылауы толық аяқталғанға дейін қылмыстық іс бойынша БАҚ-қа, әлеуметтік желілерде, мессендджерлерде немесе кез келген қоғамдық ақпарат алаңында пікір, сұхбат беруге құқылы емес деп, өзі жазған. Бұл норманы бұзды. Жәбірленуші тарап көп видео жіберді. Екі қызға қатысты мәлімдеме жасап, солардың мүддесін қорғағандай әрекет жасады. Бұл Шерзат ісінің мүддесіне қайшы, – дейді ол.

Мейірман Шекеев Бағдат Амандосұлының соңғы мәлімдемесін өзіне қабылдағанын айтты. Оған астарлап сөйлемеуге, ашық сөйлеуге кеңес берді.

БАСТАПҚЫДА ІСТІ КІМДЕР ҚОРҒАДЫ

Айта кетейік, бастапқыда адвокаттар құрамы жаңарып, Шерзат Полаттың ісін Мейірман Шекеев бастаған алты адвокат қорғайтын болған еді. Оның ішінде:

  • Мейірман Шекеев
  • Жандос Палманов
  • Әлім Мұстафаев
  • Дина Досаева
  • Нұрболат Ибраев 
  • Бағдат Амандосұлы

Бағдат Амандосұлы еліміздегі ток-шоуларда заңгер маман ретінде пікір білдіріп, қоғамда резонанс тудырған істерде қорғаушы болған.

ШЕРЗАТ ПОЛАТ ІСІ

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы жалғасып жатыр. Істі Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауда. Өткен аптадағы сот процесінде істі зерттеу жалғасып, Шерзаттың мәйітіне сот-медициналық сараптама жасаған мамандардан жауап алынған еді. Бұған дейін Абзал Шынасыл сотта берген жауабында Шерзат Полатты өлтірмегенін, Нұрқанат Ғайыпбаевтың жамбасына пышақ ұрғанын айтқан. Ал Ғайыпбаев тергеу кезінде Шерзат Полатқа Абзал Шынасыл пысақ салды деген.

Іс бойынша Абзал Шынасылдан өзге Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) күдікті деп танылған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған.