Ауғанстан ешкімге соғыс ашқан емес, бізді қаралауды қойыңыздар – тәліптер билігінің министрі

Аян Өрібай
Ақорда

Ауғанстан өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизи Астанада өтіп жатқан халықаралық форумда халықаралық қауымдастық пен БАҚ өкілдерін өз елін жамандауды тоқтатуды өтінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АЗИЗИ НЕ ДЕЙДІ

Форум барысында модератор Азизиден “Ауғанстанды инвестиция салуға тиімсіз, жемқорлыққа батқан әрі тұрақсыз деп білетін халықаралық қауымдастыққа не айтар едіңіз?” деп сұрақ қойды. Нуриддин Азизи бұл сұрақты “өте орынды” деп бағалады.

Ауғанстанға қатысты әркімнің пікірі әртүрлі. Қолындағы қаламымен ("Borderless Consulting Group" компаниясының негізін қалаушы және басқарушы директоры Чарльз Маклинге қарата) дәл сондай пікірлерді тарататын адамдарсыздар. Сондықтан, Ауғанстанды жағымсыз етіп көрсететін БАҚ-пен күресу керек. Ауғанстан саяси әлемнің чемпионы. Ауғанстан ешқашан ешкімге басып кірген емес. Ұзақ уақыт бойы Ауғанстан әрдайым сыртқы күштердің құрбаны болып келді. Біз қазір де халықаралық қауымдастықты, аймақ елдерін, әсіресе Қазақстанды Ауғанстанның қазіргі даму бағдарламасын негізді түрді әрі шеттетпей қарауға шақырамыз. Оған Ауғанстанның көзімен қараңыздар, – деді Нуриддин Азизи. 

Ол сонымен қатар Ауғанстанда дамудың түрлі бағдарламалары бар екенін, ол Ауғанстанмен қатар аймақты да, халықаралық қауымдастықты да қамтитынын атап өтті. 

Ауғанстанға келген адамдар, БАҚ өкілдері шынайы жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ақпараттан мүлде басқа жағдайды көргенін айтады. Сондықтан, біз Ауғанстанды қаралауды қоюға шақырамын. Ауғанстанға өсіп-өркендеуге мұрсат беріңіздер. Біз ұзақ уақыт бойы құрбан болдық. Авиасоққыларды бастан өткердік. Ауғандарға тыныштық берсеңіздер, қалай жақсы өмір сүріп кеткенімізді көрсете аламыз. Ал тіптен аймақ елдері секілді басқа мемлекеттер, АҚШ болсын, Жапония болсын бізге көмектессе, Ауғанстан тезірек дами түседі, ал 40 млн ауғанның өмірі жақсарар еді. Сол кезде ауғандар күнде бетпе-бет келетін проблемалардан құтылар едік, – деді Азизи.

ТОҚАЕВТЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА

Мемлекет басшысы кеше Ауғанстан өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизиді қабылдаған еді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ауғанстанды аймақтағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын және екі ел арасында сенім мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз Ауғанстанда орнықтылық пен қауіпсіздіктің орнауына мүдделі. Бұл аймақтың игілігі жолында ауған мемлекетінің әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді.

Өзара байланыстарды қалпына келтіру мақсатында Қазақстанның үкіметтік делегациясы Кабулға екі рет барды.

Нуриддин Азизи Қазақстанның халықаралық ұйымдарда Ауғанстан тақырыбын дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқаны және гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылық білдірді. Ол ресми Кабулдың бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді. Бұл Ауғанстанда жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.