Болат Назарбаевтың жесірі мен тұңғыш ұлы мұраға таласып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Белгілі заңгер Анна Чернова әлеуметтік желідегі парақшасында Болат Назарбаевтың жесірі Динара Назарбаеваның өзіне көмек сұрап жүгінгенін жазды.
Заңгердің айтуынша, Динара Назарбаева марқұмның кәмелетке толмаған балалары — Болат Назарбаевтың мұрагерлерінің мүліктік құқығын қорғап жүр. Алайда Болат Назарбаевтың иеліктеріне оның үлкен ұлы Нұрбол Назарбаев та үміткер.
— Динара Назарбаева маған өміріндегі көп жайтты, соның ішінде Болаттың соңғы жылдардағы ауыр жағдайы мен төсекке танылған уақытын да баяндап берді. Алайда ең көп сұрақ мұраның бөлінуі қалай жүріп жатқанына қатысты туындады, — деді заңгер.
АНЫҚТАМА
2023 жылғы 13 қарашада Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны хабарланған еді. Ол Қазақстанда және шетелде орналасқан ауқымды мүлікке иелік еткені жасырын емес.
Еске салайық, бұған дейін Болат Назарбаевтың 14 баласы оның мұрасын бөліп алу үшін өтініш бергенін жазған едік.