Мұғалімнен үйсізге дейін: Алматыда құжатсыз жүрген нигериялық азаматты полиция ұстады

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Алматыда бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен үйсіз нигериялық азамат табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Ресейлік эко-блогер Алексей Сибирский Instagram-дағы парақшасында шетелдік үйсіз азамат туралы ақпарат жариялаған. Ол Алматыда жүрген кезінде дәмхана маңында нигериялық азаматпен танысқан.

Мозес Тойо Алматыға 9 жыл бұрын келгені белгілі болды. Ол бұрынырақ қаладағы оқу орталықтарында ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Алайда кейін оның төлқұжатын ұрлап кетіп, содан бері құжатсыз қалып, көше кезіп кеткен.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Мен Мозеске үй, жұмыс тауып бердім, киім, телефон сатып әпердім. Ол маған күн сайын дерлік жазып тұрды, бәрі жақсы болатын. Алайда кейінгі бірнеше күннен бері ол байланысқа шықпай кетті. Егер ол әдейі жоғалса, қонақүйден заттарын алып кетер еді. Алайда ол бірнеше күннен бері қонақүйге келмей жүр.Оны полиция ұстап алуы немесе басқа бір жағдай болуы бек мүмкін, – деп жазды блогер.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Ulysmedia тілшісі Алматы полиция департаменті баспасөз қызметінен түсінік беруін сұрады.

Ведомствоның ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, шетел азаматы қазір  полиция департаментінің қабылдап-тарату орнында.

–  Көші-қон бақылау бойынша жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы аумағында болуын растайтын және жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ шетел азаматын ұстады. Белгіленген тәртіпке сәйкес, ер адам жеке басын анықтау және құқықтық мәртебесін тексеру үшін полиция департаментінің қабылдап-тарату орнына жеткізілді, – делінген хабарламада.