Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың неден жиі қайтыс болатынын айтты

Сырым Қаржас
Pexels.com

Қазақстанда жыл сайын мыңдаған семіздік және ерте өлімге әкелетін аурулар тіркеледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӨЛІМНІҢ БАСТЫ СЕБЕПТЕРІ

Шымкентте өткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі алқа отырысында қазақстандықтар арасындағы өлім-жітімнің басты себептері талқыланды. Әңгіме жұқпалы емес аурулар (ЖЕА) және оларды ерте анықтау, алдын алу мен емдеу жолдары туралы болды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, ЖЕА-ның көбеюіне себеп болып отырған негізгі факторлар — халықтың 72%-ында кездесетін қозғалыссыз өмір салты, дұрыс тамақтанбау, сондай-ақ зиянды әдеттер: шылым шегу (21%) мен алкоголь тұтыну.

СЕМІЗДІК

Ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе — семіздік көрсеткіштері: жыл сайын елде ересектер арасында 6 мыңға жуық, балалар арасында 3 мыңдай жаңа жағдай тіркеледі. Сонымен қатар, Нұрлыбаевтың мәлімдеуінше, Қазақстанда 1,7 миллионнан астам адам жоғары қан қысымына байланысты тұрақты бақылауда тұр. Елімізде өлімнің ең жиі кездесетін себептері — қан айналым жүйесінің аурулары, онкологиялық аурулар, сондай-ақ тыныс алу және ас қорыту органдарының сырқаттары.

ОНКОЛОГИЯ

Министрлік еңбекке қабілетті жастағы азаматтар арасында қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің жоғары деңгейіне ерекше назар аударды — бұл көрсеткіш 52%. Репродуктивті жастағы әйелдер арасындағы онкологиялық өлім деңгейі де алаңдатарлық — 10%.

Отырыста ЖЕА-мен күресудің жүйелі тәсілдері, соның ішінде профилактика мен емдеу кезеңдері қарастырылды. Министрлік қауіп факторларын бақылауды күшейтуді, ерте диагностикаға қолжетімділікті арттыруды және халыққа салауатты өмір салты туралы ақпараттандыру тәсілдерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ведомство жұқпалы емес аурулармен күреске басқа мемлекеттік органдар мен қоғамның да белсенді түрде қатысуы қажет екенін атап өтті.