Назарбаев Путинмен не үшін жеке кездескені белгілі болды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей астанасына сапары әлеуметтік желі мен БАҚ-та қызу талқыланды. Осыған байланысты оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай түсініктеме беріп, Назарбаевтың Мәскеуге не себепті барғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖЕКЕ КЕЗДЕСУ

— БАҚ сұраныстарына байланысты мынаны хабарлаймын.Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатта өтті. Оны Ресей президенті Владимир Путинмен көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады. Бұл байланыс мемлекеттік өкілеттіктердің бар-жоғына тәуелді емес, – деді Үкібай.

“ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ”

Оның айтуынша, Назарбаев түрлі елдердің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, хат жазысып немесе кездесіп тұрады. Бұл елдердің қатарында Ресей ғана емес, Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь және басқа да мемлекеттер бар.

— Мұндай қарым-қатынас форматы – халықаралық тәжірибеде қалыптасқан үрдіс. Бұл – Назарбаевтың мемлекет басқарған жылдары орнаған жеке байланыстардың жалғасы, — деді баспасөз хатшысы.

КЕЗДЕСУ КОНТЕКСТІ

Айдос Үкібай Ресейдегі кездесу контекстіне де тоқталды. Оның айтуынша, Ресей президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Жапонияның марқұм премьер-министрі Синдзо Абэнің жары Акие Абэмен де жеке кездескен.

— Белгілі бір лауазым иесі болмаса да, беделді саяси тұлғалармен жеке кездесулер – қалыпты дипломатиялық тәжірибе, — деді Үкібай.

Сонымен қатар, Үкібай Назарбаевтың Мәскеуге 80 жылдық Жеңіс мерекесіне арналған іс-шараға шақыру алғанын, бірақ белгілі бір себептерге байланысты ресми мерекелік күндерге қатыса алмағанын айтты.

— Сол себепті ол Ресей астанасына кейінірек, жеке сапармен барды, — деді ол.

НАЗАРБАЕВ ЕЛДЕН КӨШІП КЕТТІ МА

Сөз соңында Айдос Үкібай тұңғыш президенттің Қазақстанда тұрақты тұратынын ерекше атап өтті.

— Елден кетті деген ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді, — деп түйіндеді баспасөз хатшысы.

КЕЗДЕСУ

Еске салайық, 29 мамырда Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге арнайы барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу бейнежазбасын Кремльдің баспасөз қызметі жариялады. Бұл кездесуге қатысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірген еді