Сыртқы істер министрлігі Шарм-эль-Шейх әуежайында қайтыс болған Қазақстан азаматың қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іске қатысты журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, Египет тарапы қаза болған Қазақстан азаматының отбасына материалдық көмек көрсеткен. Бірақ Смадияров қозғалған істің жай-жапсарын жариялай алмайтыны айтты.
– Бірден біздің консул туыстарымен байланысқа шықты. Біз барлық уақытта консулдық және құқықтық көмек көрсеттік. Марқұмның денесі 21 мамырда жеткізілді. Әрине, Египет билігімен бірге біз бұл мәселені қатаң сынға алдық. Олардың курорттары мен әуежайларындағы біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі жоғары деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Өйткені Египет біздің туристер үшін танымал бағыттардың бірі. Бұдан әрі бұл мәселені Египеттің көлік министрі жеке бақылауына алды. Менің білуімше, қылмыстық іс қозғалған. Өкінішке орай, мәліметтерді жариялай алмаймын, өйткені бұл туыстарымен тікелей жүргізілетін болады, — деді ол.
17 мамырда Шарм-эль-Шейх әуежайында қайғылы оқиға орын алған — әуе айлағының күту аймағында билборд құлап, салдарынан Қазақстан азаматы қаза тапқан. Бастапқыда ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды. 18 мамырда марқұмның қазасын Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де растаған. Болған трагедияны тергеуді Египет құзырлы органдары ерекше бақылауына алғаны айтылған.