Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жер телімдерін заңсыз иемденді, заңсыз байыды және 2019 жылғы тәртіпсіздіктерге қатысты деген айыптармен сотталды. Үкім сырттай шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы қырғыз БАҚ-тарына сілтеме жасап.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев сырттай 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкімді Бішкектегі Бірінші Май аудандық соты шығарған. Бұл туралы 3 маусым күні «АКИpress» агенттігі хабарлады.
Сот шешімі үш қылмыстық істі бір өндіріске біріктіріп қарау нәтижесінде шығарылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Атамбаев Шу облысы Аламүдүн ауданына қарасты Кой-Таш ауылында жер телімдерін заңсыз иемденген, заңсыз жолмен байыған және 2019 жылғы 7-8 тамызда болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан деп айыпталған.
Сот сонымен қатар Атамбаевтың мүлкін тәркілеуді және оны мемлекеттік наградалардан айыруды бұйырды. Бұған қоса, ол ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесаревтің айтуынша, судьяның үш істі бір өндіріске біріктіруге құқығы болмаған. Бұл туралы ол «24.kg» порталына берген пікірінде мәлімдеген.
Аталған істе мемлекет басшысының бұрынғы аппарат жетекшісі Фарид Ниязов та сотталып, 7 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
АТАМБАЕВТЫҢ НАЗАРБАЕВПЕН ШЕКІСУІ
Алмазбек Атамбаевтың 2017 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қатынасы Қырғызстандағы президент сайлауы қарсаңында өршіген еді. 2017 жылы қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы президенттікке үміткер, сол кездегі оппозициялық саясаткер Өмірбек Бабановты Астанада ресми түрде қабылдады. Бұл әрекет Атамбаевтың ашу-ызасын туғызды. Ол бұл кездесуді Қазақстанның Қырғызстан ішкі істеріне араласуы деп бағалады.
Бұдан кейін Атамбаев бірнеше рет Қазақстан басшылығына бағытталған өткір мәлімдеме жасады. Атап айтқанда, ол Назарбаевты Қырғызстанның ішкі саясатына қол сұғуға тырысты деп айыптап, «жемқорлықты насихаттаушы», «қартайған диктатор» дегенге жуық сөздер айтты. Сонымен қатар, Атамбаев Назарбаевқа жақын Қазақстанның кейбір олигархтарын сынға алды. Атамбаевтың мәлімдемелерінен кейін Қазақстан тарапы Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды күшейтті. Бұл жүк көліктері мен азаматтардың өтетін жолында ұзын-сонар кептеліс тудырды. Қырғыз билігі мұны экономикалық қысым және «кедендік блокада» деп бағалады.
Атамбаев Қазақстанның ЕАЭО-дағы басым рөлін жиі сынады. Ол Қырғызстанның мүддесі жиі ескерілмейтінін, кейбір шешімдердің Астана мен Мәскеуде қабылданатынын ашық айтқан.
Алмазбек Атамбаев 2023 жылы 15 ақпанда Қырғызстаннан Испанияға медициналық ем алу үшін кетті. Ол сол күні таңертең ұлы Қадырбекпен бірге Дубай арқылы Испанияға жол тартқан. Оның алдында Бішкектегі Бірінші Май аудандық соты Атамбаевты денсаулық жағдайына байланысты босатып, шетелге емделуге шығуына рұқсат берді. Осыған дейін Қырғызстан Жоғарғы соты оның 2020 жылы шығарылған 11 жылдық түрме үкімін жойып, істі қайта қарауға жіберген болатын .