Депутат Ринат Зайыт қазақ тіліне шорқақ денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ержан Нұрлыбаевқа сұрақ қойған. Бірақ мардымды жауап ала алмай, сұрақты орыс тілінде қоюға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мұны естіген мәжіліс депутат Ерлан Қошанов Ринат Зайытқа "орысша сайрайды екенсіз ғой, Ринат Рифхатұлы" деп депутаттарды күлдірді.
ДЕПУТАТ НЕНІ СҰРАДЫ
Дәрі-дәрмек мәселесі, халықтың денсаулық жағдайы талқыланған жиында Ринат Зайыт министрліктің өкіліне фармкомпанияларға ДСМ неге бөле жарып қарайтынын сұрады.
Сараптама мерзімдерінде мұндай ерекше көзқараспен таңдауға неліктен жол берілді? Бұл жемқорлық емес пе? Дәрілік заттарды жедел тіркеуге жол берген шенеуніктерге қандай шара қолданылды? Мұндай жағдайды қалай реттемексіңдер? – деп сұрады Зайыт.
НҰРЛЫБАЕВТЫҢ ЖАУАБЫ
Бұл сұраққа Ержан Нұрлыбаев орыс тілінде жауап берді. Бұған дейінгі модельдің кемшіліктері болғанын, адам факторы араласқанын айтты.
Өкінішке қарай мұндай жайттар бар. Биыл сәуірде үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Композитті қызметтер жайлы. Қазір Асхан Қанатұлы бұл мәселені айтты. Енді композитті қызметтер бір терезе қағидатымен жұмыс істейді. Өтініш беруші құжаттарын өткізгенде адам байланысына барынша шектеу қойылған. Ішкі процестердің бәрі оңтайландырылды. Бұл процедураны 100 күнде өткіземіз. Тиісті бұйрықпен осы мәселе реттеледі, – деді ол.
Депутат Зайыт бұл жауапқа қанағаттанған жоқ. Сұрағын қайтадан орыс тілінде қоюға мәжбүр болды. “Неге компанияларды бөле-жара қарайсыздар?” деп сұрады. Нұрлыбаев бұған дейінгі жұмыстарда сарапшылармен байланыс болғанын, ашықтық сақталмағанын, өндіріс жолы цифрландыруы аз болғанын айтты. Композитті қызмет іске асырылғаннан кейін өтінімді қараудағы кемшіліктер жойылатынын жеткізді.