Империяның өзі жоқ, империалистер жүр – тарихшы

Сырым Қаржас
steamcommunity.com

Тарихшы Арман Жұмаділ Ресейде жиі айтылып жүрген КСРО-ны қайта құру жөніндегі мәлімдемелер турасында пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тарихшы Арман Жұмаділ Ресейде ғана емес, Қазақстанда да Кеңес одағына сағынышпен қарайтындар аз емес екенін айтады. Кейбіреулер тіпті өзін ашықтан-ашық «КСРО азаматы» деп таныстырып жүр. Ресейде мұндай көңіл күй әсіресе саясаткерлер мен сарапшылар арасында жиі байқалады — олар Кеңес одағын «әлемдегі ең қуатты империя» ретінде қайта жаңғырту қажет деген пікірді ашық білдіреді.

Бұл – қызық құбылыс: «Мына республикаларды қалайша қолдан шығарып алдық?» деген өкініш жиі айтылады. Алайда уақыт өте келе жағдайға байыппен қарап, шындықпен бетпе-бет келу басталады — бәрін бұрынғы қалпына қайтарғымыз келеді дейді. Бірақ олай болмайды. Бүгінгі әлем – мүлде басқа. Басымдықтар өзгерді, одақтастар да басқаша. Ең таңғаларлығы – империя жоқ, ал империалистік сана сол күйінде сақталып қалған, – деді тарих ғылымдарының кандидаты Арман Жұмаділ «Солянка по-казахски» YouTube арнасына берген сұхбатында.

ПУТИННІҢ КЕҢЕСШІСІНІҢ СӨЗІ

Осыған дейін Ресей президентінің кеңесшісі Антон Кобяков Санкт-Петербург халықаралық құқық форумында «КСРО заң жүзінде әлі де бар» деген мәлімдеме жасаған. Оның бұл сөзін Ресейдің бұрынғы премьер-министрі Сергей Степашин де құптаған болатын.