«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» бастығының орынбасары тергеліп жатыр

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Антикор «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары әшкереленгенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

АНТИКОР ХАБАРЛАМАСЫ

Антикордың мәліметінше, кейінгі үш жылда денсаулық сақтау саласында 134 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, олар бойынша 57 адам сотталған.

Лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері азаматтардың сеніміне нұқсан келтіріп қана қоймай, медициналық қызметтердің тиімділігінің төмендеуіне және мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына әкеледі. Биыл маусым айында орталық органның және оның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен сыбайлас жемқорлық схемасы ашылды. Осылайша, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары әшкереленді, – делінген хабарламада.

Ол денсаулық сақтау субъектісіне халыққа медициналық қызмет көрсету үшін бөлінген 400 млн теңгеденастам қаражатты жүйелі түрде ұрлады деп күдікке ілінген.

Жымқыру медициналық ұйымның «Damumed» ақпараттық жүйесіне міндетті әлеуметтік медициналықсақтандыру шеңберінде Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілген қызметтер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізу жолымен жасалды. Іс жүзінде медициналыққызметтер көрсетілмеді, отыз мыңнан астам «тіркеулер» анықталды. Сонымен қатар, ол жеке медициналық мекеменің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қатысып, Қордың жымқырған қаражатын, оның ішінде қымбат мүлікті сатып алу арқылы заңдастырды деп күдіктенеді, – дейді антикор.

Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеуде шенеунік пен басқа адамдардың басқа қылмыстық эпизодтарға қатысы тексеріледі.