Грузия Қазақстанға достық танытып отыр — бірақ азаматтарды неге депортациялайды

Сырым Қаржас
gov

Грузия мен Қазақстан халқының арасында “өте жақсы” қарым-қатынас орнаған. Мұндай мәлімдемені Боржоми муниципалитетінің мэрі жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Атыраудан барған жасөспірімдер тобы Грузияның Боржоми қаласында бір апта демалып қайтты. Бұл сапар қос қала арасындағы бауырластық келісім аясында ұйымдастырылды. Жоба былтыр жоспарланған еді — сол кезде грузин тарапы 2023 жылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларын қонаққа шақырған болатын. Кейінге шегерілгенімен, бастама өз нәтижесін берді, деп хабарлайды 24.kz.

Сапардың жол шығындарын қазақстандық демеуші өтеп берсе, лагерьдегі барлық шығынды Боржоми муниципалитеті өз мойнына алған. Атыраулық өрендерді салтанатты түрде қарсы алған Боржоми мэрі Отар Арболишвили екі ел арасындағы ынтымақ жайлы пікір білдірді:

Қазақстандық әріптестерімізбен, жалпы Қазақстан халқымен арада өте жақсы қарым-қатынас орнаған. Осы достықтың негізінде біз бірлесіп жастар лагері жобасын жүзеге асырдық. Мұнда жас ұрпақ танысып, араласып, достасуға мүмкіндік алады. Өйткені дәл осы балалар — ертеңгі біздің елдеріміз арасындағы байланыс жалғастырушылар, – деді ол.

Күрделі саяси аядағы ізгі қадам

Грузия тарапынан көрсетілген бұл жылы қарым-қатынас соңғы уақытта туындап отырған кейбір қайшылықтар аясында ерекше мәнге ие. Өйткені соңғы айларда қазақстандық азаматтардың Грузиядан депортациялануы немесе елден шығарылуы жөніндегі ақпараттар жиі жарияланып келеді.

Сәуір мен мамыр айларында жүргізілген рейдтер нәтижесінде, Грузияда заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарын елден шығару туралы шешім қабылданғаны туралы ресми деректер таратылды. Бұған дейін Қазақстан-Грузия экономикалық одағы да алаңдаушылық білдіріп, қазақстандық туристердің Грузияда жиі дөрекі қатынасқа тап болатынын хабарлаған.

Соңғы жылдары қазақстандықтар Грузияда дұрыс қабылданбайды. Жергілікті халық тарапынан орынсыз, кейде қорлайтын әрекеттерге ұшырап жатады. Сонымен қатар, шекара бекеттерінде түсініксіз себептермен елге кіруге рұқсат берілмейтін жағдайлар көбейді, – делінген ұйым мәлімдемесінде.

Аталған жағдайларға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми Тбилисиге наразылық білдіріп, түсініктеме сұраған. Жауап ретінде Грузия тарапы алдағы уақытта Қазақстан азаматтарына қатысты елге кіргізбеу жағдайларын азайтуға уәде берді.