Ауыл шаруашылығы министрлігі Маржықпаевпен не үшін соттасып жатыр

Сырым Қаржас
mingosim.pnzreg.ru

Ақмола облысында «Бурабай» ұлттық паркіндегі жерге қатысты сот дауы өршіп тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті Болат Боранбайұлы Маржықпаевқа, кәсіпкер Майра Нұртуринаға және Бурабай ауданының жер қатынастары бөліміне қарсы сотқа талап-арыз түсірген. Nege сайтының мәліметінше, бұл істің қозғалуының себебі — ерекше қорғалатын табиғи аумақта жер телімдерін беру кезінде заң бұзушылықтардың болуы мүмкіндігі. Арыз аясында «Бурабай» ұлттық паркінің аумағындағы жер телімдерінің заңдылығы қаралуда.

Ауыл шаруашылығы министрлігі заңға сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жер халықтың меншігі болып саналады және оларды жекеменшікке беруге болмайтынын атап өтті. Мұндай жерлерді басқа санатқа ауыстыру тек ерекше жағдайларда — мысалы, мемлекеттік қор жеріне айналдыру арқылы жүзеге аса алады. Бірақ ол үшін үкіметтің арнайы шешімі және міндетті түрде экологиялық мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы қажет. Алайда бұл жағдайда аталған талаптардың ешқайсысы орындалмағаны айтылып отыр.

– Бұл іске қатысты үкіметтің тиісті шешімі де, экологиялық сараптаманың оң қорытындысы да жоқ. ҚР Азаматтық кодексінің 158-бабының 1-тармағына сәйкес, мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтін мәміле жарамсыз деп танылады. Сондай-ақ құқықтық тәртіптің негіздеріне әдейі қайшы мақсатпен жасалған мәміле даулы мәміле болып есептеледі және егер Кодексте немесе басқа да заңнамалық актілерде өзгеше көрсетілмесе, сот арқылы жарамсыз деп танылуы мүмкін, – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

КОНТЕКСТ

Басылымның мәліметінше, аты-жөніне қарағанда, Болат Боранбайұлы Маржықпаев Ақмола облысының бұрынғы әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың туған бауыры болуы мүмкін. Ермек Маржықпаев 2019–2023 жылдар аралығында облыс әкімі қызметін атқарған, одан кейін бір жыл бойы Туризм және спорт министрі болды, қазір – Премьер-министрдің кеңесшісі.

Shishkin_like Telegram-арнасының мәліметінше, Болат Маржықпаев 2009–2015 жылдары «Береке-Бурабай» ЖШС-нің құрылтайшысы болған. Бұл компанияға Бурабайдағы бірнеше қонақүй тиесілі: «Grand Hotel Burabay», «Алем Плюс» (Бурабай көлі жағалауында), «Нурсат» және «Інжу» (Бурабай кентінің орталығында), сондай-ақ «Береке» санаторийі. 1995 жылдан 2008 жылға дейін аталған серіктестікті Ермек Маржықпаевтың өзі басқарған, ал 2015 жылдан бері оны жұбайы басқарып келеді.