Экономист әрі саяси зерттеуші, «Ma’no» зерттеу бастамалары орталығы директоры Бахтиёр Эргашев Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кірген жағдайда Өзбекстан экономикасына айтарлықтай зиян тиюі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бахтиёр Эргашевтің айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) бастапқыда дамушы елдерді емес, дамыған мемлекеттердің экономикалық және саяси үстемдігін нығайту үшін құрылған. Ол бұл ұйым индустриализацияға ықпал етпейді, керісінше, дамушы мемлекеттердің өз өңдеу өнеркәсібін дамытуына кедергі келтіреді деп атап өтті.
ДСҰ дамушы елдердің ресурстарын «алтын миллиард» деп аталатын дамыған мемлекеттерге тасымалдауға жағдай жасау үшін құрылған. Ол жақта бұл ресурстар өңделіп, кейін дайын өнім түрінде қайтадан шеткері аймақтарға экспортталады. Егер ел ДСҰ-ға өз еркімен қосылса, бұл – өз экономикасын трансұлттық корпорациялар үшін ашық «консерві банкаларына» айналдырумен тең, – деді сарапшы podrobno.uz сайтына берген сұхбатында.
Эргашевтің пікірінше, ДСҰ-ға кіру Өзбекстанның отандық өндірушілерін толықтай тұралатып, ел нарығын шетелдік тауарларға ашып береді. Ол сонымен қатар ұйымды қолдайтындардың «әлемдік нарықтарға шығу жолы кеңейеді» деген уәждерін де жоққа шығарды.
Қытай, Ресей және Қазақстан – біздің басты сауда серіктестеріміз, әрі олардың бәрі ДСҰ мүшелері. Бірақ Өзбекстанның бұл ұйымға мүше болмауы саудаға кедергі келтіріп отыр ма? Жоқ. Еуропа немесе Жапония өзбек көліктерін күтіп отыр ма? Жоқ. Біздің негізгі экспорт – алтын, уран және металдар. Бұл тауарлар онсыз да саудаланып жатыр. Ал өңдеу өнеркәсібімізді дамытпақ болсақ, бізге оған мүмкіндік бермейді – ешкімге жаңа бәсекелес қажет емес, – деді Эргашев.
Қазақстан 2015 жылдың желтоқсан айында Дүниежүзілік сауда ұйымына толық мүше болды. Бұл қадам 1996 жылы басталған 19 жылдық келіссөздерден кейін аяқталған еді.