Қазақстанда қанша соғыс ардагері қалды?

Ulysmedia
Фото: shutterstock

Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің қатары жыл санап сиреп барады. Бүгінде ел бойынша небәрі 83 ардагер ғана қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОҒЫСҚА ҚАНША АДАМ ҚАТЫСТЫ?

Бұл туралы Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының дерегінде айтылды. Ресми мәліметке сәйкес, олардың 69-ы – тікелей соғысқа қатысқан ардагерлер болса, 14-і – соғыс мүгедектері.

Бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын азая бермек, өйткені соғысқа қатысқандардың жасы бүгінде ғасырлық межеге жақындаған.

ҚОСТАНАЙ 5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЕРДІ

Тарихи деректерге сүйенсек, 1941-1945 жылдары майданға Қазақстаннан шамамен 1,2 миллион азамат аттанған. Бұл – сол кездегі халық санына шаққанда аса жоғары көрсеткіш. Соғысқа кеткендердің едәуір бөлігі елге оралмаған.

Мемлекет ардагерлерді қолдау шараларын жалғастырып келеді. Соның бір дәлелі – арнайы әлеуметтік төлемдер. Мәселен, Қостанай облысында соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы көмек аударылған.

Корпорация мәліметінше, арнайы төлем алушылар саны бойынша көш бастап тұрған өңірлер мыналар:

  • Алматы қаласы - 26 адам
  • Алматы облысы - 8 адам
  • Қостанай облысы - 6 адам
  • Шығыс Қазақстан облысы - 4 адам
  • Қарағанды облысы - 4 адам

Аталған төлемдер –  ардагерлер мен соғыс мүгедектеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың бір бөлігі.