Олигархтар мен алып-сатулар: басы даудан арылмаған «Қазцинк» кімге өтеді?

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia

Өскемендегі зауытта екі жұмысшының өмірін қиған төтенше жағдай өңірдегі экологиялық ахуал ушығып тұрған шақта болды. Сонымен қатар, «Қазцинк» компаниясының иесі ауысуы мүмкін деген түрлі болжамдармен қатар өрбіді.

Ulysmedia.kz бұл оқиғаны кеңірек контексте қарастырып, компанияның меншік құрылымындағы өзгерістер, сатылымдар мен қоғамда резонанс тудырған дауларға толы тарихын қайта шолып шықты.

ЗАУЫТ АУАДАН МАҢЫЗДЫ МА?

Соңғы уақытта «Казцинк» алаңы экологтардың назарында. Компанияның ресми дерегіне сүйенсек, оның құрамына бес өндіріс кіреді: мырыш, қорғасын, мыс зауыттары, бағалы металдар шығаратын зауыт және күкірт қышқылы өндірісі.

Бір жарым айдай бұрын Өскемен қаласындағы металлургиялық алаңда экологтар күкірт диоксиді, көмірқышқыл газы және азот оксиді шығарындыларының бірнеше есе артық екенін анықтаған. Тексеру қорытындысы бойынша компания 20 млн теңге айыппұл төлеп, заңбұзушылықтарды жоюға міндеттелді.

Осыған ұқсас жағдай ақпан айында да тіркелген. Сол кезде экологиялық заңбұзушылықтар үшін салынған айыппұл 100 млн теңгеден асқан. Зертханалық талдаулар бірнеше ауыр металдың шекті мөлшерден асқанын көрсетті.

Ал былтыр қаңтарда өскемендіктер «Қазцинкке» шағымданып, кәсіпорын қаланы экологиялық апат шегіне жеткізді деп мәлімдеген. Қала тұрғындары Өскемен үстін жиі тұман басатынын, ауаның өткір иісті екенін айтқан. Экологтар ауа сынамаларынан хлор, күкіртсутек және күйе анықтаған.

Премьер-министр Олжас Бектенов экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қалада жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенін хабарлаған. Жалпы, қала жылдар бойы өндірістік кәсіпорындардың салдарынан зардап шегіп келеді. 2024 жылы тұрғындар өңірді экологиялық апат аймағы деп тануды талап еткен.

Компания бұған дейін де бірнеше экологиялық дауға іліккен. 2021 жылы «Қазцинк» Бухтарма өзенін ластады деген айыпқа ұшыраған. Кәсіпорын ағындыларынан марганец – 140 есе, мырыш – 44 есе, аммоний – 2 есе, мыс сульфаттары – 5 есе артық болған. Соған қарамастан, табиғатқа шамамен 8 млн теңге шығын келтірілгенімен, айыппұл небәрі 291 мың теңге болған.

Ал 2023 жылы Риддер маңындағы Филипповка өзенінде су өндіріс қалдықтарының әсерінен қою ақ түске боялып, «сүтті өзен» оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды.

МЕНШІК ҚҰРЫЛЫМЫ БЕЛГІСІЗ

Экологиялық мәселелерден бөлек, Қазақстандағы ірі тау-кен металлургия компаниясы «Қазцинк» ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де меншік құрылымының анық еместігімен белгілі.

Компанияның негізгі үлесі (69,74%) халықаралық трейдер Glencore-ге тиесілі (Kazzinc Holdings арқылы). Ал мемлекеттік НГК «Тау-Кен Самрұқ» компаниясының үлесі шамамен 29,82%-ды құрайды.

Glencore-дың «Қазцинктің» басты иесіне қашан айналғаны туралы деректер әртүрлі –  кейбір деректерде 1997 жыл, енді бірінде 2000 жыл деп көрсетіледі. Әртүрлі кезеңдерде компания акционерлері қатарында филиппиндік Pasar Holding Inc (22,65%) және Verny Capital холдингі (Булат Өтемұратовқа тиесілі, 29%) болған.

2025 жылдың соңында «Қазцинк» компаниясының меншік иесі өзгеруі мүмкін деген ақпарат тарады. Негізгі үлестің ықтимал жаңа иесі ретінде қазақстандық бизнестегі «жаңа толқын» өкілі, Шахмұрат Мүтәліп аталды. Ол АХҚО-да KazZinc Group Ltd компаниясын тіркеген.

Сонымен қатар, кәсіпкер халықаралық Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 40% үлесін сатып алған. Ашық деректерге сәйкес, Мүтәліптің негізгі капиталы инфрақұрылымдық құрылыс саласында қалыптасқан. Оның активтерінің бірі – Integra Construction KZ, бұл компания тарихи тұрғыда «Еуразиялық топтың» (ENRC, қазіргі ERG) инфрақұрылымдық активтерімен байланысты.

Қазіргі уақытта бизнесмен Glencore тобымен «Қазцинктің» 70,2% акциясын сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Нарықтық бағалаулар бойынша, мәміле құны 5 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов NBK-ге берген сұхбатында мұндай ірі инвестиция көлемі қаржыландыру көздеріне қатысты сұрақ тудыратынын айтқан. Оның пікірінше, Мүтәліптің мұндай ауқымдағы шикізат базасы жоқ болғандықтан, активтерді кейін қайта сатуы немесе серіктестік капитал тартуы мүмкін.

Сарапшының болжамынша, қаржыландырудың ең ықтимал жолы – қарыз қаражаты немесе стратегиялық серіктестердің, әсіресе Қытай капиталының тартылуы.

– Бұл кәсіпорындардың тұрақты жұмысына ондаған мың жұмыс орны мен тұтас өңірлердің экономикалық тұрақтылығы тәуелді. Сондықтан меншік ауысуы немесе қайта сату сияқты кез келген сценарий аса сақтықпен қарауды талап етеді. Мұндай өндірістік алпауыттарды басқару өз алдына өте күрделі міндет, – деп түйіндеді сарапшы.

ШАХМҰРАТ МҮТӘЛІП КІМ?

Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы Алматы облысында дүниеге келген. «Тұран» университетінде экономист мамандығын оқып, кейін Малайзиядағы Asian Pacific University-де білімін жалғастырған.

Еңбек жолын кеңседе емес, өндірісте бастаған – теміржолға арналған бөлшектер шығаратын кәсіпорында слесарь болып жұмыс істеген. Кейін басқарушылық бағытқа ауысып, теміржол құрылысына қатысты компанияларда топ-менеджер деңгейіне дейін көтерілді.

Оның негізгі активіне айналған Integra Construction KZ компаниясы – теміржол және өндірістік инфрақұрылым саласындағы ірі мердігерлердің бірі. Алғашында бас директор болса, кейін компанияның құрылтайшысына айналды.

Сонымен қатар, ол спорт саласында да белсенді. Қазақстан бокс федерациясы ұйымын басқарады және Ұлттық олимпиадалық комитет жұмысына қатысады. Отбасылы, үш баласы бар. Былтыр мемлекет басшысымен кездескен.

КОМПАНИЯНЫҢ ТАБЫСЫ ҚАНША?

Glencore қаржылық есебіне сәйкес, «Қазцинк» компаниясының 2025 жылғы табысы 5,1 млрд долларды құрады. EBITDA көрсеткіші – 1,642 млрд доллар.

2024 жылы табыс 4,2 млрд доллар болған, яғни өсім 21,43%-ға жеткен. EBITDA –  1,185 млрд доллар.

Таза пайда:

  • 2025 жыл –  774 млн доллар;
  • 2024 жыл –  308 млн доллар;

Мұндай өсімді сарапшылар басқару сапасының жақсаруымен қатар, ең алдымен 2025 жылы алтын, мырыш және мыс сияқты бағалы және түсті металдардың бағасының күрт өсуімен байланыстырады.

КОНТЕКСТ

5 мамыр күні таңертең Өскемен қаласындағы «Қазцинк» металлургиялық кәсіпорнында жарылыс болды. ҚР ТЖМ мәліметінше, зауыт аумағында шаңұстағыш құрылғыда «хлопок» (ішкі жарылыс) тіркелген.

Одан кейін өрт шығып, құрылымның бір бөлігі опырылған. Компания екі адамның қаза тапқанын, тағы бесеуі жарақат алғанын растады. Қазір оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, үйінді астында адамдар қалуы мүмкін.

Экологтар жарылыстан кейін ауадағы зиянды заттардың деңгейін тексеруде, әзірге қауіпті шығарындылар туралы ақпарат түскен жоқ.