Жамбыл облысында 10 жастағы баланың өлімі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті 35 жастағы әскери қызметкер. Ол баланың өгей әкесі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Талас ауданының бір ауылында мамыр айының соңында болған. Алайда бұл жағдай жайлы ақпарат тек жуырда ғана жария етілді. Алдын ала мәлімет бойынша, бала аудандық ауруханаға жеткізілген, бірақ дәрігерлер оның қайтыс болғанын ғана тіркеген. Қайғылы оқиғаның себептері әзірге жарияланбай отыр — тергеуді Қарулы күштердің әскери-тергеу басқармасы жүргізіп жатыр, себебі күдікті – қызметін атқарып жүрген әскери адам.
Жамбыл облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері хабарлағандай, бұл отбасында бірнеше ай бұрын ғана қамқорлыққа алынған бес бала тәрбиеленіп жатқан. Қайғылы жағдайдан кейін кәмелетке толмағандардың барлығы жедел түрде отбасынан алынды. Қазір олар мемлекеттік мекемеде мамандардың бақылауында.
Балалар қауіпсіз жерде. Оларға психологтар көмектесіп жатыр, — деді Жамбыл облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Дәурен Бақжанов.
Оқиға болған күнгі жайттар әзірге құпия. Тергеу органдары барлық сараптама аяқталған соң, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беретінін мәлімдеді.
Жалпы қоғамда балаларды қамқорлыққа беру мәселесінде ашықтық пен бақылауды күшейтуді талап етіп жатқан дабыл күшейіп келеді.