Рақымшылық: Қазақстанда мыңдаған адам түрмеден босап шығады

Аян Өрібай
Ашық дереккөзден

Мәжілісте Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заң жобасын қорғаған депутат Абзал Құспанның айтуынша, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған сотталғандарды босату көзделеді. Атап айтқандай: 

  • қылмыстық теріс қылықпен онша ауыр емес қылмыстарды жасағандар;
  • зиян келтіруге әкеп соқпаған, ауырлығы орташа қылмыс жасаған не оны толық өтеген адамдар;
  • залалдың немесе азаматтық талаптың болғанына қарамастан ауырлығы орташа қылмыс жасаған, әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату көзделген. 

ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАҒЫ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ

Құжатқа сәйкес, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар осы заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер, оның ішінде соттарда қаралмаған қылмыстық істер тоқтатылады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімі қысқартылады. Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемденгені немесе талан-таражға салғаны немесе алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдарға қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды және оларға қойылған талап қою талаптарын толық өтеген жағдайда, негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері 1/5 бөлігіне қысқартылады.

Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу секілді қылмыстық құқық бұзушылықтардың қылмыстық сипат берілген жаңа құрамдарына,  мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылықты қолдануда шектеуді белгілеу ұсынылады.

Заң жобасы жемқорлық жасағандарға рақымшылық жасауды көздемейді.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША АДАМ ТҮРМЕДЕ ОТЫР

Абзал Құспанның сөзінше, түрмелер мен уақытша ұстау изоляторларында 40 мыңнан астам адам ұсталып отыр. Олардың 33 мыңы сотталған. 7 мыңы тергеу қамауындағы адамдар. Бұдан бөлек бас бостандығынан айыру жазасымен байланысты емес 27 мың адам пробация қызметінің есебінде тұр.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрғаан 9 мың адам қамтылады. Қылмыстық атқару мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған бостандыққа шығады, – дейді ол.

Депутат қылмыстық жазадан сонымен қатар жаза мерзіміне тек бір жыл қалған, оң мінездемесі бар 1700-ден астам азаматтар босап шығу көзделген. Ол өзгеріс заң жобасының екінші және үшінші баптарында көзделген. Пробация есебінде тұрған 5500 адамға жазаны саралау тәртібі қолданылады.

Сонымен қатар әлеуметтік осал адамдар санатындағы 629 адамның 57-і босап шықса, 572-нің мерзімі қысқартылады. 833 әйелдің 109-ы босап шықса, 724-нің мерзімі қысқыртылады. Заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасағандарға қолданылмайды.