Ресей Қазақстанда өзінің әскери-тарихи қоғамы арқылы нені насихаттап жүр

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстандық тарихшы Ресейдің әскери-тарихи қоғамының қызметі туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АҢЫЗДАР МЕН НАРРАТИВТЕР

Орта ғасыр тарихын зерттейтін PhD доктор Жақсылық Сәбитовтың айтуынша, Ресейде бір-біріне ұқсас үш тарихи ұйым бар: біріншісі – саясаткер Владимир Мединский басқаратын Ресейдің әскери-тарихи қоғамы, екіншісі – Ресейдің тарихи қоғамы, үшіншісі – Еркін тарихи қоғам (Вольное историческое общество), мұнда мемлекетпен байланысы әлдеқайда аз тәуелсіз тарихшылар шоғырланған.

– Ресейдің әскери-тарихи қоғамы – аталған ұйымдардың ішіндегі ең даулысы. Себебі онда ғылыми деректер үнемі ескерілмейді. Мысалы, 28 панфиловшы туралы аңыз. Панфилов дивизиясы (316-атқыштар дивизиясы, кейін 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы) расында да ерлікпен шайқасты, 1941 жылғы күз-қыс кезінде Мәскеуді қорғау барысында батырлық көрсетті. Бірақ дәл 28 панфиловшыға қатысты оқиға – бұл көркем публицистикалық қиял. Дивизия жауынгерлері мен офицерлерінің ерлігін, мысалы, Бауыржан Момышұлының ерлігін ешкім жоққа шығармайды. Алайда 28 панфиловшының нақты ерлігі – тарихи құжаттармен расталмаған, бұл – даулы мәселе. Дәл осындай мифтік нарративтерді Ресейдің әскери-тарихи қоғамы қолдап отыр, – деді Сәбитов BaitassovLive YouTube арнасындағы сұхбатында.

НАСИХАТ МАҚСАТЫ

Тарихшының айтуынша, ғылыми қауымдастықта Ресейдің әскери-тарихи қоғамының Қазақстанда нақты немен айналысатыны жөнінде сұрақтар туындаған. Өйткені бұл ұйым әскери жеңістерді насихаттайды. Ал Қазақстан мен Ресей халықтарының жалғыз ортақ жеңісі – екінші дүниежүзілік соғыс.

– Ресей армиясының XVIII–XIX ғасырлардағы Орталық Азияға жорықтарын ортақ жеңіс деуге болмайды. Қазақстан қоғамы бұл оқиғаларға басқаша – жеңімпаздың емес, керісінше тараптың немесе бейтарап позициядан қарайды. Сондықтан мұндай насихат Қазақстанда болмауы тиіс. Абырой болғанда, Ресейдің әскери-тарихи қоғамының елімізде филиал ашпайтыны белгілі болды. Тек бір өкіл – Алибек Тажыбаев болады. Ол кейбір бірлескен жобаларды жүргізуі мүмкін. Бәлкім, бұл жобалар Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралармен байланысты болар, – деп түйіндеді Сәбитов.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанда ресейлік әскери мекеме бөлімшесінің ашылуы қоғамда наразылық туғызып, депутаттар мен президентке сын бағытталуына себеп болды деп есептейтінін айтқан болатын