Қазақстан Assystem компаниясымен серіктестікті нығайтып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Assystem компаниясы – Қазақстандағы АЭС құрылысына техникалық кеңесші болады. Ядролық инжиниринг саласындағы жетекші тәуелсіз компания — Assystem енді "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС-нің (КАЭС) техникалық кеңесшісі атанды. Жоба аясында француз мамандары инжинирингтік шешімдерге техникалық қадағалау жүргізіп, құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуына жауапты болады деп күтілуде.
Assystem — күрделі жобаларды басқаруға маманданған француз инжинирингтік компаниясы. Штаб-пәтері Францияда орналасқан, штатында 8 мыңнан астам қызметкер бар. Жылдық табысы 500 миллион еуроға жуық. Компания Париж қор биржасында тіркелгенімен, негізі отбасылық капитал есебінен қаланған.
60 жылдық тәжірибесі бар Assystem бүгінде әлемнің 12 елінде, соның ішінде Өзбекстанда да түрлі жобаларды жүзеге асырып отыр. Қолжетімді әрі төмен көміртекті энергияға қол жеткізу мақсатында компания төмен көміртекті генерацияны (атом, жаңартылатын энергетика, электр желілері) және жасыл сутегіні дамыту бағытында белсенді жұмыс істейді.
Қазақстан Assystem компаниясымен 2022 жылдың күзіне бастап жұмыс істей бастады. Сол жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға жасаған ресми сапары барысында ұлттық әл-ауқат қоры — "Самұрық-Қазына" мен Assystem арасында келісімге қол қойылды. Компания АЭС салу кезінде техникалық кеңес беріп қана қоймай, кадр даярлау ісіне де атсалысады деп жарияланған.
Қазақстанда АЭС салуға ниетті төрт әлеуетті консорциум мүшесі анықталған: Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC), Ресейдің Росатом мемлекеттік корпорациясы, Францияның Électricité de France (EDF) және Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power (KHNP).
Ел билігі вендорды осы жылдың маусым айының соңына дейін таңдауы тиіс.