Қазақстанның алты азаматы Ираннан Әзербайжан арқылы эвакуацияланды

Сырым Қаржас
Report.az

Ираннан алты қазақстандық азаматтың Әзербайжан шекарасы арқылы эвакуацияланғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Report.az сайтының хабарлауынша, қазақстандық алты азамат Ираннан Әзербайжанға "Астара" шекара бекеті арқылы өтіп, елге қайту үшін эвакуацияланған.

– Ираннан эвакуацияланған азаматтарға барлық қажетті жағдай жасалған, оның ішінде медициналық көмек те көрсетіліп жатыр, сондай-ақ шекара бекетінде таңғы ас ішуге мүмкіндік бар, – делінген хабарламада.

Эвакуация процесі әлі де жалғасып жатыр.

БҰҒАН ДЕЙІН

Кеше түнде Әзербайжан тарапы шетел азаматтарын Ираннан эвакуациялау үшін "Астара" шекара өткелінде арнайы жағдай жасағанын хабарлады. Бірқатар шетелдік мемлекеттер өз азаматтарын Ираннан Әзербайжан арқылы эвакуациялау үшін көмек сұрап, Бакуге жүгінген.

Бұған дейін Израильдің қорғаныс армиясы Иран аумағындағы әскери нысандарға әуе операциясын бастағанын мәлімдеген еді. Израиль Иранға ультиматум қойып, ядролық нысандарға жасалған шабуылдарға жауап беруден бас тартуға ескерту жасады. Ал Иран 14 маусымға қараған түні Израильге зымырандық шабуылмен жауап қайтарды.

Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Израильде жүрген барлық қазақстандыққа Тыл басқармасының нұсқауларын сақтауға, қауіпсіздік шараларын күшейтуге, сақтық танытуға, жаңалықтарды мұқият бақылауға және дипломатиялық өкілдікпен байланыста болуға кеңес берді.