Қазақстанда құрылысы әлі басталмаған АЭС-тің қашан пайдалануға берілетіні айтылды

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы 2035-2036 жылдары аяқталады. Бұл жөнінде атом энергетикасы агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

 Жалпы әлемдік практика атом электр станциясын жобалау, құрылысы мен пайдалануға беру мерзімі 10-12 жыл. Осыған орай, құрылыстың аяқталуы 2035-2036 жылдар. «Росатом» МК осы жоспарға сәйкес екенін растайды, – делінген агенттік хабарламасында.

Бұған дейін атом энергетикасы агенттігі Ресейдің «Росатом» мемлекеттік компаниясы Қазақстанда АЭС салу бойынша халықаралық консорциум көшбасы деп таңдалғанын мәлімдеген. Екінші АЭС құрылысын жүргізетін консорциум жетекішісі Қытайдың CNNC компаниясы болатыны айтылған. 

2025 жылдың ақпанында АЭС салынатын аймақ ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы таңдалған.

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр 6 қазанда өтті. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.

Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.

Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.