Ақын Мұқағали Мақатаевты "сорлы еркек" деп балағаттаған блогер Әлішер Теменовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Сот кабинетіндегі деректерге сәйкес, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев блогер Әлішер Теменовті Қазақстан Республикасы ҚК-нің 131-бабы 2-бөлігімен қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып әдепсіз түрде кемсітті деп санаған.
Нақты айтқанда: 2024 жылы қазан айында блогер «Тик-Ток» желісіндегі өзінің жеке парақшасында белгілі қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Туған күнім» атты өлеңін сынап, «Ей, сен, ...., сен кешке дейін жаловаться ете беретін сорлы еркексің» деп әкесі ақын Мұқағали Мақатаевты былапыт сөздермен балағаттады деп айыптайды.
ТАТУЛАСУ
Басты сот талқылауының тергеу бөлімінде жәбірленуші Жұлдыз Мақатаевтан татуласуларына байланысты Әлішер Теменді қылмыстық жауапкершіліктен босату жайында өтінішхат түскен. Мақатаев өтінішхатты өз еркімен ұсынып отырғанын, сырттан ешқандай қысым көрсетілмегенін, сотталушыға қоятын кінәсі жоқ екендігін бекітті.
БЛОГЕР НЕ ДЕЙДІ
Блогер Темен өтінішхатты қолдап, тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындап, қылмыстық істі жәбірленушімен татуласуына байланысты қысқартуды сұрады.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Блогердің қылмыстық әрекеттері Қазақстан Республикасының ҚК-нің 131-бабы 2-бөлігімен қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып әдепсіз түрде кемсіту деп дұрыс сараланған және толық дәлелденген деп санайды.
Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 170-бабы 1-бөлігі 5-тармағы негізінде қылмыстық іс азаматтық талап бөлігінде тараптардың татуласуына байланысты өндіріс қысқартылуға жатады.
СОТ ҮКІМІ
Осылардың негізінде және ҚК-тің 68-бабы 1-бөлігін, ҚПК-нің баптарын басшылыққа ала отырып, сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 131-бабы 2- бөлігімен айыптау бойынша блогер Әлішер Теменге қатысты қылмыстық іс ҚК-тің 68-бабы 1-бөлігі негізінде тараптардың татуласуына байланысты қысқартылып, блогер қылмыстық жауаптылықтан босатылсын деп қаулы етті.
- Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 170-бабы 1-бөлігі 5-тармағы негізінде азаматтық талапкер Мақатаев Жұлдыз Мұқағалиұлының бас тартуы қабылданып тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс азаматтық талап бөлігінде өндіріс қысқартылсын. Әлішер Теменнің «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қаулы заңды күшіне енгенге дейін өзгеріссіз қалдырылсын. Осы қаулыға 15 тәулік мерзімде Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына Алматы қаласы Наурызбай аудандық соты арқылы шағым немесе прокурор өтінішхат келтіруге болады, дейді судья Бейнекүл Қайсина.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін өзін рилсмейкер ретінде таныстырып жүрген Әлішер Теменов жарнама жасаған кезде ақын Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізіп, сынға қалған.