Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қазақстандықтардың жеке деректерінің тарап кетуі жіті тексерілуі керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжіліс кулуарында Ulysmedia.kz тілшісі Қанат Бозымбаевтан жеке деректер тарап кеткеннен кейін жауапты адамдар отставкаға кетуі керек пе деп сұраған.
Шынымды айтсам, бұл мәселені зерттеген емеспін. Бұл мәселе менің құзіретіме жатпайды. Тексеріп, қай жақтан, неден кеткенін тексеру керек. Содан кейін қорытынды шығару керек, – дейді Бозымбаев.
“Жеке деректеріңіз таралып кетті” дегенге өзіңіз алаңдамайсыз ба? Бұл сұраққа Қанат Бозымбаев “білмеймін, көрген жоқпын, қолым тимеді” деді.
Мұның алдында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 16 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің тарап кетуіне қатысты пікір білдірген. Ол кезде Мәдиев “отставкаға кетесіз бе?” деген сұраққа жауап берді.
КОНТЕКСТ
16 маусымда Telegram-арна SexuriXy.kz қазақстандықтардың жеке деректері тағы да жаппай тарағаны туралы хабарлады. Архивтік файлда азаматтардың аты-жөні, жынысы, туған күні, ЖСН, байланыс нөмірлері (ұялы, жұмыс, үй), азаматтығы, ұлты және мекенжайы қамтылған.