Иран-Израиль соғысы: Қазақстан Таяу Шығыстан азаматтарын эвакуациялады

Сырым Қаржас
gov.kz

Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын эвакуациялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНША ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, құзыретті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері 109 отандасымызды елге қайтарды.

Эвакуация өңірдің достас мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен жүзеге асырылды, атап айтқанда 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзербайжан арқылы өтті. Барлық азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілді және Отанға оралу үшін қажетті жағдай жасалған. 

- Эвакуациялық іс-шараларды дайындау және өткізу барысында қазақстандық дипломаттар тәулік бойы жергілікті билікпен іс-қимылды үйлестіріп, маршруттардың логистикасын қамтамасыз етті, сондай-ақ құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасады және отандастарымызға қажетті қолдау көрсетті, делінген хабарламада. 

КӨМЕК

Қысқа мерзімде 200-ден астам азамат хабарласып, оларға көмек көрсетілген. Ирандағы барлық қазақстандықтармен үздіксіз байланыс орнатылып, олардың алдын ала келісілген транзиттік бағыттары бойынша жүріп-тұруы ұйымдастырылды.

ЖҰМЫС ЖАЛҒАСУДА

Отандастарымызды елге қайтару бойынша жұмыс жалғасуда және қазіргі уақытта ҚР СІМ басқа құзыретті ведомстволармен бірлесіп Қазақстан азаматтарын Израиль Мемлекетінен эвакуациялауды пысықтауда.