"Жаман түгі жоқ" – Жұманғарин елдегі шетелдік инвесторлардың жаппай кетуі туралы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі шетелдік инвесторлар мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СЕНАТОР НЕ ДЕЙДІ

Сенат отырысында депутат Нұрлан Бекенов шетелдік инвестициялар көлемі жалпы инвестиция өсіп жатқанына қарамастан, шамамен үштен бірге азайғанын айтты. Оның айтуынша, бюджеттің үлесі артып келеді, ал инвесторлардың нақты қызығушылығы төмендеп барады.

ЖҰМАНҒАРИННІҢ ЖАУАБЫ

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі бұл дүрлігетін жағдай емес деп есептейді.

– Сізбен келісемін, бірақ айтып отырғаныңызда ешқандай жамандық жоқ. Біз бірінші инвестициялық циклді аяқтадық, енді екінші циклді қарқындату керек. Бұрын Қашаған, Теңіз секілді ірі жобаларға бір мезетте құйылған инвестициялар болған. Қазір мұндай инвестициялар жоқ. Қазіргі мақсат – екінші циклді жандандыру. Мұнда көлем емес, сапа мен саны маңызды. Нәтиже болады деп ойлаймын, ірі кен орындары іске қосылады. Мүмкіндіктер ашылады. Жер қойнауын пайдалану бұрын да, қазір де ірі тікелей шетелдік инвестиция тартудың басты бағыты болып қала береді. Қазіргі таңда жаппай кетіп жатыр деуге негіз жоқ. 2029 жылға дейін ЖІӨ-ні арттыру үшін кемінде 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартуымыз қажет. Бұл – амбициялық, бірақ жүзеге асыруға болатын мақсат, – деді Жұманғарин.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін шетелдік инвесторлар Қазақстаннан жаппай кетіп жатқанын хабарлаған едік.