1 маусым Қазақстанда мемлекеттік мереке ретінде белгіленуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Балаларды қорғау күнін Қазақстанда ресми мемлекеттік мереке ету ұсынылып отыр. Бұл туралы Digital Business басылымы жазды. Мәліметке сәйкес, бұл бастама Мәжіліс депутаты Кенжегүл Сейтжанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаған депутаттық сауалына берілген жауапта айтылған.
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Өз сауалында депутат балаларды «стратегиялық ресурс» деп атап, олардың дамуы мемлекеттің басты басымдығы болуы тиіс екенін жеткізді.
– Балалардың қауіпсіз, салауатты және жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болуы керек, – деді Сейтжан.
ЕҢБЕКМИН НЕ ДЕЙДІ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл бастаманы қолдады. Министрлік ата-аналар мен балалардың бірге уақыт өткізуінің маңызын атап өтті.
– Атаулы мереке ата-аналар мен балаларға бірге уақыт өткізуге мүмкіндік береді… Бұл баланың өзін қауіпсіз сезінуіне, отбасы құндылықтарын терең ұғынуына ықпал етеді, – деп көрсетті ведомство.
ШЕШІМ
Мәселе бойынша соңғы шешімді Үкімет пен Парламент қабылдайды. Егер ұсыныс қолдау тапса, 1 маусым елімізде тағы бір ресми демалыс күніне айналмақ.