19 маусым күні күндіз Маңғыстау облысының Қарақия ауданында, Болашақ шекаралық теміржол станциясы маңынан ұшатын аппарат табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
Куәгерлердің айтуынша, аппарат Болашақ станциясы маңынан табылған. Бұл туралы тиісті органдарға хабар берілген. Оқиға орнына құқық қорғау және төтенше жағдай қызметкерлері жіберіліп, мән-жай анықталып жатыр.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, табылған нысан – ұшқышсыз басқарылатын аппарат (дрон).
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты түсінік берді. Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, ұшатын аппарат елді мекендерден шалғай жерде табылған.
– Ешқандай залал келтірілмеген. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, – дейді ведомство өкілдері.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін БҚО-да Ресеймен шекаралас ауданда үш дрон құлаған болатын.