Панама билігі жаңа зейнетақы заңы аясындағы жаппай наразылықтар мен күш қолдану әрекеттерінің өршуіне байланысты Бокас-дель-Торо провинциясында төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Төтенше жағдай режимінің енгізілгені туралы ел президенті әкімшілігінің басшысы Хуан Карлос Орильяк хабарлады.
– Министрлер кабинеті Бокас-дель-Торо провинциясының бүкіл аумағында бес күнге төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдады, – делінген оның әкімшілік блогында әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесінде.
Билік Конституцияның сегіз бабының, соның ішінде еркін жүру және жиналу құқықтарын тоқтатты. Орильяк бұл шаралар қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін және демократиялық институттарды қорғау үшін қабылданғанын атап өтті.
БҰҒАН ДЕЙІН
Жаппай наразылықтар 28 сәуірде басталды. Оған себеп — президент Хосе Рауль Мулиноның №462 заңға қол қоюы болды. Кәсіподақтардың айтуынша, бұл заң зейнетақы жағдайын едәуір нашарлатады және азаматтарды өмір бойы жұмыс істеуге мәжбүрлейді.