Қазақстан Газа секторында атысты дереу тоқтатуға үндеді

Сырым Қаржас
Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ислам ынтымақтастығы ұйымы сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-сессиясының жұмысына қатысып, Газа секторында атысты дереу тоқтатуға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Кездесу барысында делегация басшылары ИЫҰ кеңістігіндегі түрлі әскери-саяси және гуманитарлық дағдарыстарды реттеу жөніндегі шараларды талқылап, Иран-Израиль қарулы қақтығысты тез арада шешуге және Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақырды.

“Өзгермелі әлемдегі ИЫҰ” ұранымен өткен форумның күн тәртібіне ұйымды одан әрі реформалауға, мүше елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, әлемдегі мұсылман азшылықтарының жағдайына, қарусыздану мен исламофобияға байланысты мәселелер де кірді.

ДӘЙЕКСӨЗ

Қазақстан сыртқы істер министрі өз сөзінде Иранның айналасындағы жағдайды деэскалациялаудың маңызына назар аударып, Газа секторына азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін гуманитарлық дәліздерді ашуға шақырды.

– Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын растайды және тағы да атысты дереу тоқтатуға және Газаға гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуге шақырады, – деді Мұрат Нұртілеу.

Сонымен қатар ҚР СІМ басшысы ИЫҰ-ның халықаралық аренадағы рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстарды айтып, Қазақстанның осы процеске өз үлесін қосуға дайын екенін білдірді.

СІМК 51-ші сессиясы барысында әртүрлі бағыттар, оның ішінде саяси, экономикалық, құқықтық, гуманитарлық және әкімшілік-қаржылық мәселелер бойынша 100-ден астам қарар талқыланып, қабылдау жоспарланып отыр. Қазақстандық бастамалар СІМК-тің тиісті құжаттарына енгізілді.