"Газа тұрғындары Қазақстанға эвакуацияланады": СІМ мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
AP Photo

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желілерде тараған Газа секторы тұрғындарын Орталық Азия елдеріне эвакуациялау туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Әлеуметтік желілерде 2026 жылдан бастап Газа секторының тұрғындарын кезең-кезеңімен эвакуациялау басталатыны туралы ақпарат тарады. Онда олар Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне көшірілетіні және бұл туралы Сауд Арабиясының тақ мұрагері мәлімдегені айтылған.

— Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Тек ресми дереккөздерге сенуіңізді сұраймыз, — деп мәлімдеді ведомство.

Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығыс 2023 жылғы 7 қазаннан бері жалғасып келеді. Газа денсаулық сақтау министрлігінің кейінгі деректеріне сәйкес, 55 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 128 мыңнан астамы жарақат алған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ислам ынтымақтастығы ұйымы сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-сессиясының жұмысына қатысып, Газа секторында атысты дереу тоқтатуға үндегенін жазған едік.