АҚШ Демократиялық партиясының өкілі Александрия Окасио-Кортес президент Дональд Трампқа импичмент жариялауға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Александрия Окасио-Кортес Трамптың Ирандағы ядролық нысандарға шабуыл жасау туралы бұйрықты Конгрестің мақұлдауынсыз бергенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл әрекетімен АҚШ президенті Конституцияны өрескел бұзып, елді үлкен қауіпке душар етті.
ДӘЙЕКСӨЗ
— Президенттің Конгрестің мақұлдауынсыз Иранды бомбалау туралы шешімі — бұл соғыс жүргізу құқығы бойынша Конгреске тиесілі өкілет пен Конституцияны өрескел бұзу. Ол ойланып-толғанбастан шешім қабылдап, елді бірнеше ұрпаққа созылуы мүмкін соғысқа итермелеп отыр. Бұл — оған импичмент жариялау үшін жеткілікті әрі анық себеп, – деді Окасио-Кортес.
Еске салайық, 21 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық инфрақұрылымына қарсы әскери операция басталғанын мәлімдеген еді. АҚШ әуе күштері Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы нысандарға соққы жасады. Ақ үй басшысы негізгі соққы Фордо нысанына бағытталғанын айтты, сондай-ақ ол АҚШ әскерилеріне алғыс айтып, олардың әрекетін “тарихи” деп атады.
Кейінірек Иран АҚШ әуе күштерінің ядролық нысандарға жасаған шабуылына жауап қайтарды.