Қазақстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Иранға соққысына реакция білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ведомство АҚШ-тың Иранға қарсы кейінгі әскери әрекеттері бүкіл аймаққа, соның ішінде біздің маңайдағы елдердің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, халықаралық жағдайды күрт ушықтырғанын атап өтті.
– Қазақстан Каспий маңы елдерінің тобына кіреді және Иранмен түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытып жатыр. Мемлекетіміз барлық келіспеушілікті, оның ішінде ядролық мәселелерді БҰҰ Жарғысы негізінде келіссөздер жүргізу арқылы шешу қажет деп санайды, – делінген мәлімдемеде.
Қазақстан сонымен бірге ядролық қарудың таралуына жол бермес үшін және оны таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдіктер беру мақсатында тараптарды тезірек келісімге келуге үндеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ислам ынтымақтастығы ұйымы сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-сессиясының жұмысына қатысып, Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақырған еді.
21 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық инфрақұрылымына қарсы әскери операция басталғанын мәлімдеген еді. АҚШ әуе күштері Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы нысандарға соққы жасады. Ақ үй басшысы негізгі соққы Фордо нысанына бағытталғанын айтты, сондай-ақ ол АҚШ әскерилеріне алғыс айтып, олардың әрекетін “тарихи” деп атады.
Кейінірек Иран АҚШ әуе күштерінің ядролық нысандарға жасаған шабуылына жауап қайтарды.
АҚШ Демократиялық партиясының өкілі Александрия Окасио-Кортес президент Дональд Трампқа импичмент жариялауға шақырды.