АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған әскери әрекеттері жаһандық нарықтарды дүр сілкіндірді. Сарапшылар мұнай бағасы көтеріліп, инфляция өсіп, инвесторлар қауіпсіз активтерге жаппай бет бұруы мүмкін екенін ескертіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
Дональд Трамп Иранның ядролық нысандары жойылғанын мәлімдегеннен кейін жаһандық нарық тынышталып қалды. Инвесторлар мұнай бағасының күрт өсуіне және геосаяси тұрақсыздықтың артуына дайындалып жатыр.
ПІКІР
— Менің ойымша, нарықтар бұл жағдайға алаңдаушылықпен жауап береді, ал мұнай бағасы бірден өсе бастайды. Қазір біз қиратулардың нақты ауқымын білмейміз — оны анықтау үшін уақыт керек. Трамп операция аяқталды дегенімен, АҚШ енді бұл қақтығысқа бұрынғыдан да терең араласып кетті. Енді не болатыны белгісіз, — деді Potomac River Capital инвестициялық директоры Марк Спиндэл.
— Алдағы белгісіздік нарыққа кесірін тигізеді. Енді барлық америкалық үшін қауіп күшейіп отыр. Бұл жалпы тұрақсыздықты, әсіресе мұнай нарығындағы құбылмалылықты күшейтеді, — деп түйіндеді ол.
МҰНАЙ, ИНФЛЯЦИЯ ЖӘНЕ ТӘУЕКЕЛ
Сарапшылардың айтуынша, басты қауіптің бірі — инфляцияның өсуі. Мұнай бағасының көтерілуі тұтынушылық белсенділікті төмендетіп, пайыздық мөлшерлемелерді түсіруді қиындатады.
— Бұл — жаңа әрі күрделі қауіп деңгейі. Біз оған ерекше назар аударуымыз керек. Бұл, сөзсіз, энергетикалық ресурстар бағасына және жалпы инфляцияға әсер етеді, — деді Cresset Capital инвестициялық директоры Джек Аблин.
Маусым айының басынан бері Brent маркалы мұнай бағасы 18% көтеріліп, барреліне 79 долларға жетті — бұл кейінгі бес айдағы ең жоғары көрсеткіш.
АҚШ-тың қор нарығы әзірше байыппен әрекет етіп жатыр: S&P 500 индексі айтарлықтай өзгерген жоқ.
21 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық инфрақұрылымына қарсы әскери операция басталғанын мәлімдеген еді. АҚШ әуе күштері Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы нысандарға соққы жасады. Ақ үй басшысы негізгі соққы Фордо нысанына бағытталғанын айтты, сондай-ақ ол АҚШ әскерилеріне алғыс айтып, олардың әрекетін “тарихи” деп атады.
Кейінірек Иран АҚШ әуе күштерінің ядролық нысандарға жасаған шабуылына жауап қайтарды.
АҚШ Демократиялық партиясының өкілі Александрия Окасио-Кортес президент Дональд Трампқа импичмент жариялауға шақырды.
Қазақстан CІМ АҚШ-тың Иранға соққысына қатысты мәлімдеме жасады.