Тәуелсіз бағалаушылар не үшін Тоқаевтан араша түсуін сұрады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Palata сарапшылар кеңесінің төрағасы Арман Тютюков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық видеоүндеу жариялады. Онда 20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби бағалаушы қаржылық мониторинг агенттігі мен прокуратура тарапынан орынсыз қудалаудан қорған сұрайды. Маманды тергеу жүйесінің «дөңгелегіне» қалай іліктіргені және неге ол бұл жағдай үлгіге айналса, кез келген кәсіби қауымдастық өкілі «қылмыстық жауапкершілікке» тартылуы мүмкін деп есептейтіні жөнінде Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.

600 МИЛЛИОН – БАҒАЛАУ ҮШІН

Арман Тютюков өз үндеуінде он жыл бойы әріптесімен бірге бұрынғы «Комсомольская птицефабрика» АҚ иесі Генрих Богдевичтің шағымы негізінде орынсыз қылмыстық қудалауға ұшырап келе жатқанын айтады. Айта кетейік, шағымданушының өзі бұған дейін мемлекеттік қаржыны мақсатсыз пайдалану, ұрлау және лауазымды тұлғаларға пара беру ісі бойынша айыпталған.

– Ол (Богдевич – авт.) кінәсін мойындаған, бірақ іс тоқтатылды, – дейді бағалаушы.

– Алғаш рет – рақымшылықпен, екінші рет – шартты жаза алды. Дәл осы адам бір кездері жалған келісімшарттар мен жасанды инвестициялық жобалар арқылы бюджеттен миллиардтаған несие алған. Ал қазір менің алдымнан жүздеген миллион теңге талап етіп, қайтадан пайда табуға тырысып жатыр.

Арман Тютюковтың айтуынша, 2015 жылы тәуелсіз компания «КазАгроФинанс» АҚ тапсырысы бойынша бұл құс фабриканың мүлкіне заңды нарықтық бағалау жүргізген.

– Богдевич бірнеше жылдан кейін менен 600 миллион теңге талап етіп, «қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды» деп айыптап отыр, – деп түсіндіреді бағалаушы.

– 2016 жылдан бері бұл іс «қылмыс құрамы жоқ» деген себеппен 11 рет тоқтатылды.

Тютюковтың айтуынша, құс фабрикасы 2017 жылы банкрот деп танылған, сондықтан қазіргі уақытта ол жәбірленуші тарап бола алмайды.

– Түсінікті болу үшін мысал келтірейін: адал емес адам жалған құжатпен ипотека алады, бірақ төлемейді. Банк пәтерін қайтарып алады. Біраз жылдан кейін сол адам заң бойынша пәтер құнын анықтаған бағалаушыдан жүздеген миллион талап етеді. Абсурд па? Бірақ дәл қазір менің басымда болып жатқан жағдай осы, – деп жағдайды нақтылап жеткізді Тютюков.

КӘСІБИ ПІКІР ҮШІН ЖАУАП БЕРУ КЕРЕК ПЕ

Арман Тютюков өз үндеуінде бағалау дегеніміз – кәсіби пікір екенін атап өтеді. Оның айтуынша, бұл жағдайда берілген бағалау 2016 жылы сотпен заңды деп танылған. Ал бүгінде бағалаушыларға тағылып отырған айыптар мүлікті бағалауға құқығы жоқ сот сарапшыларының қорытындысына сүйеніп жасалған. Демек, бұл қорытындылардың өзі заңсыз.

– Сонда қазіргі Қазақстанда адал еңбек етіп, салық төлейтін, елін сүйетін кәсіпкерді біреудің жеке мүддесі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады екен. Ең қорқыныштысы – әділет жүйесі бізді қорғай алмай отыр, – дейді Тютюков.

– Егер мұны тоқтатпасақ, Қазақстандағы кез келген бағалаушы тек өз кәсіби пікірі үшін айыпталуы мүмкін.

Үндеу авторы оқырмандардан қолдау сұрап, бұл жағдайда тек жариялылық қана «құқықтық бассыздықты» тоқтатып, Қазақстандағы тәуелсіз бағалау жүйесін қорғауға мүмкіндік береді деп атап өтті.

БӘРІ ҚҰС ФАБРИКАСЫНАН БАСТАЛДЫ

Жуырда әлеуметтік желілерде ел президентіне жолданған тағы бір үндеу жарияланды. Бұл жолы – бұрынғы «Комсомольская птицефабрика», қазіргі «Poultry-Agro» ЖШС жұмысшылары атынан. Олар Костанай облысындағы 225 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынды жабылудан қорғауды сұрады.

Құс фабрикасы жұмысшылары да, бағалаушы Арман Тютюков секілді, бұл жағдайға кінәлі адам ретінде Генрих Богдевичті атады. Олардың айтуынша, дәл осы адам 15 жыл бұрын «КазАгроФинанс» АҚ қолдауымен «Комсомольская птицефабрика» АҚ жобасын бастап, ауқымды бастама ретінде таныстырған. Алайда кәсіпорын даму мүмкіндігін ала алмай, 8 жыл бойы тоқтап тұрған. Кейін инвестор табылып, өндіріс қайта жанданған кезде, бұрынғы қожайын пайда болып, өз құқығын талап ете бастаған.

– Қазіргі таңда кәсіпорын ұзаққа созылған қылмыстық қудалау орбитасына тартылып отыр, – деп шағымданды фабрика ұжымы.

– Қозғалған қылмыстық істер үш рет «қылмыс құрамы жоқ» деген себеппен тоқтатылды, алайда кейіннен қайтадан қозғалды. Ерекше алаңдатарлығы – бұл істердің бәрі бұрынғы меншік иесінің бірнеше рет теріске шығарылған жалған айыптауларына ғана негізделген. Қазір бұл істер ҚР ІІМ құзыретіне жататын болса да, тергеу қаржылық мониторинг агенттігінің орталық аппаратына берілді және бұл әрекеттердің бәрі прокуратура тарапынан қолдау тапқан.

Дәл осы қылмыстық істер аясында бағалаушылар да «қысым астында» қалды. Бүгінде олар да, фабрика ұжымы секілді, мемлекет басшысының араласуына ғана үміт артып отыр.